Ортаазиялық елдерде күні бүгінге дейін күшпен үйлендіру үрдісі әлі де бар. Qyz Quu —  алып қашу және күштеп күйеуге берудің құрбаны болған қыз туралы пластикалық қойылым. Бұл туынды алып қашу құрбаны болған қыздардың хаттары негізінде дүниеге келген.

«Енем өлгенде алғаш рет өзімді бақытты сезіндім». Алматыда қыз алып қашу туралы спектакль көрсетілуде

ХХІ ғасырда тұқымды жалғастыру үшін күштеп күйеуге беру қажет деп ойлаудың өзі ақылға сыймайды. Алайда, бүгінде қыз алып қашу жағдайлары кездеседі. Қоғам да бұл жағдайға «ұят болады» деген тұрғыда, көз жұма қарайтыны тағы бар. Ата-бабаларымыздың салты ғой деген де түсінік жоқ емес. Енді бірі қыз алып қашуды дәстүр дейді. Бұл – әйел құқығын таптау, бұл – қылмыс, бұл — әйелді ала салуға, сата салуға болатын әлдебір заттай көру, қорлау болып табылады.

Алып қашу құрбандарының 120 хаты:

«Енем өлгенде алғаш рет өзімді бақытты сезіндім. Одан кейін күйеуім өлгенде сондай сезімде болдым. Арамызда алты баламыз болса да, мен күйеуімді ешқашан сүймедім».

 «Табалдырыққа жатып алған кемпір егер оның үстінен аттап, босағадан шығып кетер болсам, ешқашан бақытты болмайтынымды айтты».

 «Үй киімімен нан алуға шыққан мені күшпен машинаға отырғызып, алып қашып кетті. Сол сәтте қандай сезімде болғанымды айта алмаймын. Мені алып қашқан адамдарды мүлде танымаймын да». Қойылым режиссері Екатерина Шмонина өз спектаклінде дәстүр, отбасы, түрлі мәдениет жүйесі кез келген қоғамның бізге айнала әлем мен өзімізді танытатын негізгі діңгегі екенін ойға салады. Алайда қоғамдағы бір-бірімен тікелей байланысқан бір тармағы үзілсе, не істеу керек? Биік белестерге қол жеткізу үшін ескіден келе жатқан, бізді аяғымыздан нық тұтқан пайым-түсініктерден бас тарту керек болғанда не істеу керек? Біздің санамыз өскенімен… біз дағдыланып, үйренген әдеттер өспесе ше?

Поделиться: