Америка Құрама Штаттары Мемлекеттік хатшысының саяси мәселелер жөніндегі орынбасары Виктория Нуланд соғыс аяқталғаннан кейін де Путиннің немесе Ресейдің басында тұратын адамның сөзін қабылдау мүмкін емес деп санайды.
Қазіргі Ресей-Украина соғысы қашан және қалай аяқталатынына қарамастан, Ресей қайтадан соғыс бастамауы үшін кепілдік беруі керек, деді АҚШ мемлекеттік хатшысының саяси мәселелер жөніндегі орынбасары Виктория Нуланд BBC-ге берген сұхбатында.
Вашингтондағы Карнеги қорындағы онлайн пікірталаста Нуланд АҚШ дәл қазір Украинадағы ұрыс алаңына қандай қару-жарақ жіберуге болатынын ғана емес, сонымен бірге Ресейді алдағы уақытта қауіпсіз түрде тежеу үшін қандай қару қажет болатынын да қарастырып жатқанын айтты.
Жүргізушінің сұрағына: «Америка Құрама Штаттары Қырымды ешқашан Ресейдің жері деп санамаймыз. Украиналықтар қысқа, орта және ұзақ мерзімді перспективада Қырымға қатысты қалай әрекет етуді қалайтынын біз болжай алмаймыз. Біз Қырымды Украина деп есептейміз», – деді Виктория Нуланд.
Нуландтың айтуынша, Қырымды оккупациялағаннан кейін Ресей түбекті өзінің әскери тірегіне айналдырып, онда Украинаның қауіпсіздігіне қауіп төндіретін ұрыс нысандарын, қару қоймалары мен басқару орталықтарын салған.
«Бұл заңды мақсаттар. Украина оларға соққы береді, ал біз оны қолдаймыз. Қырым - кем дегенде - демилитаризацияланбайынша, Украинада ешқашан қауіпсіз болмайды», - деді спикер.
Сонымен бірге, Нуланд Қырым мәселесіне жақындамас бұрын украин әскері әлі де айтарлықтай аумақтарды қайтаруы керек екенін айтты.
«Олар дәл қазір осыған назар аударып отыр», - деді ол.