Эпидемиологтар Ақтөбеде 16 ақпаннан бастап қызылша вирусы тарай бастағанын айтты.
Эпидемиологтардың айтуынша, қызылшаны Түркиядан ұшып келген жолаушы әкелген. Бұл елде ол басқа науқаспен байланыста болған.
Ауруды жұқтырғандардың дені балалар. Жергілікті СЭС бөлімінің басшысы қызылша ауруы Ақтөбе, Шалқар, Мәртөк, Үйіл, Алға, Әйтеке би және Хромтау аудандарында тіркелгенін айтты.
«Қызылша адамнан адамға тез таралады, сондықтан оның көбеюі күтілуде. Вакцинацияланбағандар арасында қауіп жоғары болып қалады. Облыста 2459 бала қызылшаға қарсы екпе алмаған», - деді ол.
Қызылшаға қарсы екпе 1 жаста, ревакцинация 6 жаста жүргізіледі.
Бұған дейін Ақмола облысында сібір жарасы анықталғаны хабарланған болатын.