5 наурызда Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сотында 21 жастағы Валерия Шалнованы өлтіру және зорлау ісі бойынша үкім шықты.

Ақтаулық спортшы Валерия Шальнованы өлтірген қылмыскерге үкім шықты
Фото: ашық дереккөзден

Тергеу процесі мен сот тыңдаулары сегіз айға созылды.

Жәбірленушінің жанұясының адвокаты ұсынған ақпаратқа сәйкес, айыпталушы 22 жылға бас бостандығынан айырылды, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейді. Валерияның отбасы күдіктінің өз кінәсін мойындамағанын алға тартады.

«Өкінішке орай, сот үкімі мені жеңілдеткен жоқ. Қазіргі уақытта бұл мүмкін емес сияқты, өйткені ешқандай жаза баламды қайтармайды. Дегенмен, біз бұл үкімді әділ деп санаймыз және шындықтың ашылуына үлес қосқандардың барлығына, соның ішінде адвокаттарға, тергеу органдарына, БАҚ өкілдеріне, прокуратура мен судьяға алғыс айтамыз», — деді Валерияның анасы.

Сондай-ақ, ол айыпталушының қызын ішімдік ішті деп айыптап, өз-өзіне қол жұмсады деп көрсетпек болғанын, сараптама қорытындысымен бұл теріске шығарылғанын атап өтті.

Отбасының адвокаты да сот шешіміне риза екенін білдірді.

«Сотталушы кінәлі деп танылып, 22 жылға бас бостандығынан айырылды. Біз сот пен прокуратураға айыптауды қолдағаны және тергеу тобының мұқият жұмысы үшін алғыс айтамыз. Айыпталушы өзін сабырлы ұстағанына және кінәсін мойындамағанына қарамастан, үкімге шағым түсіріледі деп күтеміз», — деп бөлісті ол.

Естеріңізге сала кетейік, 21 жастағы ақтаулық спортшының мәйіті МАЭК су алатын каналдың маңынан табылған болатын. Полицейлер қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы «Өзін-өзі өлтіруге итермелеу» бойынша қозғалғанын хабарлады.
Кейінірек полиция бұл істі «қауіпті жағдайда қалдыру» санатына ауыстырды. Қоғамдық наразылықтан кейін құқық қорғау органдары ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы «Адам өлтіру» қылмысына өзгертті.

13 қазанда іс материалдары сотқа жіберілді. Оның жігіті қызды өлтіріп, зорлады деген күдікке ілінген.

Поделиться: