Антикор Алматы қаласындағы сыбайлас жемқорлыққа бейім негізгі аймақтарды атады.
Антикор Алматы қаласының әлеуметтік маңызды аудандарында көптеген сыбайлас жемқорлық іздерін анықтады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифинг барысында Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Арман Рахымов мәлім етті.
Осылайша, Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау нәтижелері бойынша жұмыс орындарын субсидиялауға бағытталған 385 млн теңге сомасында артық қаражатты қайтару шаралары қабылданды.
Алматы қаласында жол құрылысын жүргізетін мердігер ұйымдардың қызметін талдау барысында салық салу бөлігінде мемлекетке 1,3 млрд теңге залал келтірген 4 млрд теңгеден астам сомаға бұзушылықтар анықталды.
Сонымен қатар, өткен жылы жүргізілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау ұсынымдарын іске асыру шеңберінде заңсыз құрылыстарды бақылау жұмыстары жалғасуда. Алматы қаласы әкімдігімен өзара іс-қимыл шеңберінде нормативтік талаптарды бұзатын құрылыстың 60 фактісі анықталды.
Қабылданған шаралардың арқасында жоба түзетіліп, 1 миллиард теңгеден астам бюджет қаражаты мемлекетке қайтарылды.
Бөлім тарапынан мемлекеттік сатып алулар порталында бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына тұрақты мониторинг жүргізіледі. Ағымдағы жылдың басынан бері бұл салада мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушыларға хат жолдау арқылы 4,1 млрд теңге үнемделген.
«Бизнес жол» жобасы аясында кәсіпкерлік субъектілерінің 12 (2 жүйелі) проблемалық мәселелері шешілді, 165 кәсіпкердің құқығы қорғалды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру аясында әртүрлі форматтағы 141 іс-шара өткізіліп, 13 мыңнан астам адам қамтылды.
Өткен жылдан бері Агенттік «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасын жүзеге асыруда, бұл жобаға Алматы қаласында 256 волонтер қосылды. Ағымдағы жылы еріктілердің күшімен 2,3 миллиард теңгеден астам бюджет қаражатының ұтымсыз жұмсалуының алдын алуға мүмкіндік туды.
Салынып жатқан, жөндеу-құрылыс, жол жұмыстары және басқа да әлеуметтік нысандарға 36 қоғамдық мониторинг жүргізілді.
Департамент сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған тұлғаларды ынталандыру бойынша жұмысты жалғастыруда.
Ағымдағы жылы 6 адам марапатталса, оның ішінде 4 адам жалпы сомасы 4,4 млн теңге ақшалай сыйақы алса, мемлекеттік қызметші 2 адам алғыс хатпен марапатталды.