Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Abu Dhabi Ports Group бас директоры Мұхаммед әл-Шамисимен кездесті.
Кездесу барысында көлік-логистика саласындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру перспективалары талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Abu Dhabi Ports Group компаниясының Каспий теңізіндегі теңіз және порт инфрақұрылымын дамыту жоспарларын және «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясымен стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қоюды құптады.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Орталық Азия мен Каспий өңіріндегі толыққанды көліктік хабқа айналуға ниетті екенін және көлік бағыттарын әртараптандыру бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, елімізде Транскаспий халықаралық көлік бағыты мен Солтүстік-Оңтүстік көлік дәлізі белсенді түрде дамып келеді.
Мұхаммед Әл-Шамиси Мемлекет басшысына кездесу үшін алғыс айтып, қазақстандық компаниялармен ынтымақтастық жоспарларына тоқталды. Abu Dhabi Ports Каспий теңізінде және жалпы аймақта, сондай-ақ көлік және логистикалық индустрияда өзара тиімді серіктестік орнатуды және әртүрлі теңіз қызметтері мен шешімдерін ұсынуды күтеді.