Оның тоғызы кәмелетке толмағандарға қатысты.

Қазақстанда адам саудасының 50-ге жуық фактісі анықталды
Фото: pexels

«Адам саудасының 49 фактісі анықталды, оның тоғызы кәмелетке толмағандарға қатысты», — делінген хабарламада.

22-24 мамыр аралығында Ішкі істер министрлігінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімшелері «STOP-трафик» жедел-профилактикалық іс-шарасын жүргізгені хабарланды.

«Ұйымдасқан қылмыстық топты құру және оған басшылық ету нәтижелері бойынша «адам саудасымен» байланысты заңсыз әрекеттерді жүзеге асырған тұлғаларға қатысты үш сотқа дейінгі тергеу басталды. Мәселен, Астанада тоғыз «элиталық» монша кешенінің аумағында жас қыздарды жыныстық қанауға тарту және мәжбүрлеу схемасын құрған 17 адамнан тұратын қылмыстық топтың жолы кесілді. 30-дан астам тінту жүргізіліп, қолма-қол ақша мен алты автокөлік тәркіленді. Негізгі айыпталушылар қамауға алынды. Шымкентте де осындай ұйымдасқан қылмыстық топ жойылды. Сондай-ақ мұнда құны 1 миллион теңгеден асатын қолма-қол ақша, 16 мың доллар және 10 автокөлік тәркіленді. Жетекшілер мен қатысушылар қамауға алынды», — деді ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

Сондай-ақ, бірқатар өңірлерде халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан адамдарды қайыршылыққа пайдалану фактілері анықталғаны атап өтілді.

«Қарағандыда физикалық күш көрсетемін деп қорқытып, мүгедектерді қайыр сұрауға мәжбүрлеп, «бизнес» ұйымдастырған топ ұсталды. Қылмыскерлер құрбандарының есебінен жылына 10 миллион теңгеге дейін табыс алған. Ақтөбе, Алматы және Маңғыстау облыстарында базарлар мен вокзалдарда мүгедектер мен жас балаларды пайдаланған осы тектес қылмыстық топтардың әрекеті жолын кесті. Барлық айыпталушылар қамауға алынды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда», – дейді Қуандық Алпыс.

Поделиться: