Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин 5G жиілігінің бірінші лоты сатылғаны туралы хабарлады.
Сауда ашық аукцион форматында өтті.
«Бәсекелестік күресте 3600-3700 МГц диапазонында №1 лот бойынша сауда-саттық аяқталды. Жеңімпаз өтінімнің бағасы – 62,669 млрд теңге. Екінші лот үшін жекпе-жек ертең өтеді деп күтілуде. Бұл жағдай ұлттық ресурстардың ашық және бәсекеге қабілетті аукционы бюджетті толықтырудың жақсы көзі бола алатынының айқын мысалы», – деп жазды Бағдат Мусин өз парақшасында.
5G интернет жиілігін сатып алушы ашық дереккөздерден Tele2/Altel брендтерімен ұсынылған «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС екені белгілі болды.
Электрондық сауда алаңының мәліметі бойынша, бастапқы бағасы 1 761 225 000 теңге болса, сату бағасы 62 669 775 350 теңгені құрады.
5G жиілігі бар екінші лот бойынша сауда-саттық нәтижелері 23 желтоқсанда күтілуде.