Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев Сенат отырысында ұн өзімізден шығып жатқанына қарамастан, неге Өзбекстанда нан бағасы Қазақстаннан арзан деген сұраққа жауап беруге тырысты.
Вице-министр бұл жерде кәсіпорын шығындарының рөл атқаратынын атап өтті.
«Бұл электр энергиясы, салықтар және басқа да шығындар. Яғни, бұл жерде Өзбекстанның наубайханалары қанша шығынға ұшырайды және Қазақстанда қандай шығындар бар екенін нақты қарау керек. Екінші сұрақ, дәл осындай нәрселерді салыстыру керек. Яғни, нан сапасы Қазақстанда Өзбекстандағы сапамен бірдей ма? Яғни, нақты статистиканы шығару үшін сапаны салыстыру керек. Сондықтан бұл жерде мәселе өте күрделі. Сіз бізге нақты статистиканы көрсетіп отырсаңыз, салыстырып, бірге жұмыс жасайық», - деді Қайрат Төребаев.
Өзбекстан Қазақстанның негізгі сауда серіктесі болып табылады. Тек бірінші жартыжылдықта Өзбекстан біздің елден 258,5 мың тонна (78,85 миллион доллар) бидай немесе қара бидай ұнын сатып алды.
Ал Қазақстанның басым бөлігінде ұн өнімдерінің бағасы көтерілуі мүмкін. Қазірдің өзінде 13 облыста ұн бағасы көтерілді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінде өткен жиында айтылды.