Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда олигархиялық капитализм дәуірі аяқталып жатқанын айтты.
"Мемлекет елімізде жұмыс істейтін барлық ірі тау-кен компанияларының қызметін жіті қадағалап отыр. Біз капиталды шетелге заңсыз шығаруға жол бермейміз. Олардың түрлі әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруын қадағалайтын боламыз", - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы атап өткендей, өндіріс орындарын жаңғырту және қоршаған ортаны қорғау үдерісіне ерекше назар аударылады.
«Салық төлемдері ерекше бақылауда. Егер ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар бұл талаптарды орындамаса, біз серіктестікті тоқтатуға мәжбүр боламыз. Бұл ешқандай да қорқытқандық емес, өркениетті әлемде жалпы қабылданған қарапайым, адал және әділ еңбек ережелері.
Қазақстанда олигархиялық капитализм дәуірі аяқталып келеді, ел азаматтары алдындағы әлеуметтік жауапкершілік кезеңі келе жатыр. Біздің азаматтарға ел экономикасында жетекші орын алатын тиімді және әлеуметтік жауапты бизнес қажет», - деп қосты Қасым-Жомарт Тоқаев.