Бұл FLEX білім беру бағдарламасы арқылы мүмкін болады.
Осы және өзге де мәселелерді Қазақстан Республикасының Білім министрі Асхат Аймағамбетов АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дэниел Розенблюммен кездесуі барысында талқылады.
Сондай-ақ тараптар мұғалімдердің біліктілігін арттыру және мұғалімдерге арналған сертификаттар мен курстарды тану мәселелерін қарастырды.
"Елдеріміз арасында білім беру саласындағы өзара тиімді ынтымақтастық жолға қойылды, білім берудің барлық деңгейінде бірден бірнеше жоба жүзеге асырылуда. Біз әртүрлі алмасу бағдарламаларын қолдаймыз, мысалы, FLEX бағдарламасы арқылы АҚШ мектептерінде қазірдің өзінде 2000-нан астам оқушы білім алған. Ағылшын тілін дамыту бағдарламалары тиімді. Бағдарламаға қатысушылар біздің білім беру ұйымдарында ағылшын тілінде сөйлейді. Біз STEM және инклюзивті білім беруді дамыту бағытында да белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Осы бағыттар бойынша алдағы уақытта да ынтымақтастықты күтемін», - деді Білім министрі Асхат Аймағамбетов.
АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дэниел Розенблюм ынтымақтастыққа дайын екенін айтып, екіжақты ынтымақтастықтың әлеуетін атап өтті.
"Өскелең ұрпақты тәрбиелеу - ел болашағы. Бұл өте маңызды миссия. Өзіңіз атап өткендей, біз көп жылдар бойы табысты қызмет етіп келеміз. Біз одан әрі ынтымақтастыққа дайынбыз, атап айтқанда, Қазақстандағы мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағдарламалары бойынша», - деді АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дэниел Розенблюм.
Сондай-ақ, кездесу барысында білім беру саласындағы ынтымақтастықтың басқа да мәселелері қаралды: мұғалімдердің біліктілігін арттыру, колледждерді дамыту, инклюзивті білім беру.
Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы әріптестікті одан әрі нығайтуға және кеңейтуге мүдделілік танытты.