Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан Республикасының жаңа картасын құрастыру қаншаға кеткені туралы мәселеге қатысты ҚР ХҚХАЖ Геодезия және картография комитетінің басшысы Қажмұхан Бекмұқашев пікір білдірді.
«Жалпы, Қазақстанның, алты облыстың әкімшілік картасы мен облыс орталықтарының сызбаларының жоспарын жасауға 56 миллион теңге жұмсалды. Қазақстанның жеке картасын алсақ, 10 миллион теңге», – дейді Қажмұхан Бекмұқашев.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов өткен жылы үш жаңа аймақ құрылғанын еске салды. Оның айтуынша, осыған сәйкес Қазақстан Республикасының саяси картасын және жаңа алты облыстың тақырыптық картасын жаңарту қажет болды.
«Біз үлкен жұмыс атқарып, Қазақстанның саяси-әкімшілік картасын жасадық, Шығыс Қазақстан, Алматы, Қарағанды облыстарының карталарын жаңарттық, Абай, Ұлтау, Жетісу өңірлерінің карталарын жасадық», - деді ол.