Бет-әлпетті тану жүйесі жұмыс істей бастады

Ұлттық бейнебақылау жүйесі Қазақстанның екі қаласында – Астана мен Алматыда іске қосылды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді.


Бет-әлпетті тану жүйесі
Фото: бейне жазбадан кадр

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жоба министрлік, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бірлесіп әзірленген.

Жасанды интеллект технологияларын қолданатын ұлттық бейнебақылау жүйесі іздеуде жүрген адамдарды тануға, қоғамдық орындарда қараусыз қалған объектілер туралы сигнал беруге және құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеуге мүмкіндік береді. Теміржол вокзалдары, әуежайлар, қонақүйлер, көшелер, қиылыстар, сауда орталықтары сияқты нысандар смарт камералардың назарында екені атап өтілді.

Цифрлық «күзетшілер» Астанада өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындары кезінде көпшілік арасында жоғалған балаларды, сондай-ақ із-түзсіз жоғалғандар ретінде тіркелген адамдарды жылдам табуға мүмкіндік алды, - деп толықтырды министрлік.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Астанада бейнесараптама жүйесінің көмегімен іздеуде жүрген 46 құқық бұзушы тез арада анықталып, ұсталды. Дәл осындай жұмыстар Алматы қаласында да жүргізілуде, бүгінге дейін ондай 30 адам анықталып, ұсталды.

Басқарма мұндай жүйелер Қытайда, Ресейде және Еуропа елдерінде белсенді түрде қолданылып жатқанын атап көрсетеді. Алдағы уақытта камералар санын көбейту арқылы бейнебақылауды кеңейту жоспарлануда. Бұл кезең-кезеңімен болады.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, меншік нысанына қарамастан елімізде 1 миллион 359 мың бейнекамера болса, оның 310 мыңы орталық басқару орталықтары мен полицияның кезекші пункттерінде орналасқан.

Источник фото

Cookie Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше