Джаред Лето Алматыда өтетін Thirty Seconds to Mars тобының алдағы концерті туралы айтты

21 маусымды күнтізбеңізге белгілеп қойыңыз!


30STM архивіндегі фото
30STM архивіндегі фото

21 маусымда 30 Seconds to Mars тобы Орталық Азиядағы жалғыз концертімен өнер көрсетеді. Ол Алматыда өтеді. Оқиға қарсаңында біз Джаред Летомен байланысып, бірнеше маңызды мәселені талқыладық.

Соңғы рет Қазақстанға сапарыңыз қалай өтті?

Тамаша! Бұл – ерекше жер, және біз осында қайта оралғанымызға өте қуаныштымыз. Бұрынғы екі концертіміз керемет өтті. Бұл жолғы концерт үшін біз ерекше бір нәрсе дайындадық, көрермендерге ұнайтынына сенімдімін. 21 маусымда Қазақстанға оралуды асыға күтіп жүрміз.

Жылдың ең ұзақ күніне сәйкес келіп тұр ғой.

Иә, дәл солай, жазғы күн тоқырауы. Керемет сәйкестік!

Джаред Лето Алматыда өтетін Thirty Seconds to Mars тобының алдағы концерті туралы айтты

Қазақстандық көрермендерден ерекше бір нәрсе байқадыңыз ба?

Алғаш рет 2018 немесе 2019 жылдары келгенде, аудиторияның энергиясы – таза электр қуаты сияқты болды. Біз сол кезде: «Бұл өте ерекше жер, міндетті түрде қайтып келу керек» деп ойлағанбыз. Америкадан Қазақстанға көп топ келе бермейді, мен осында болған бір жігітті ғана білемін. Сондықтан бұл – Қазақстанға келудің тамаша мүмкіндігі болды және білесіз бе, бізге сіздер өте ұнадыңыздар: адамдары керемет, энергетикасы тамаша. Біз үшін елді сүюдің ең оңай жолы – оның адамдарын және олардың энергиясын сезіну.

Сіз үшін қайсысы маңыздырақ: техникалық жағынан мінсіз өнер көрсету ме, әлде жанкүйерлермен эмоциялық байланыс орнату ма?

Әрине, эмоциялық байланыс маңыздырақ. Біз ешқашан мінсіз болған емеспіз, және бола да алмаймыз деп ойлаймын. Ең бастысы – көрермендермен эмоциялық байланыс орнату.

Жанкүйерлердің өзгеріп келе жатқаны байқалады ма? Бұрын концертке келген жұрт тек көңіл көтеріп, билеуге мән беретін, ал бүгінде көбісі сол сәтті түсіріп алып, әлеуметтік желіде бөлісуге асығады.

Иә, аздап байқаймын. Бірақ мен әрқашан ойлаймын: егер адамдар телефондарын шығарып, видео түсірсе – бұл олар үшін маңызды сәт дегенді білдіреді. Сондықтан мен мұны комплимент ретінде қабылдаймын. Бұл мені ешқашан мазаламаған. Иә, адамдар аз қозғалады. Кейбір концерттерде көрермендер бұрынғыдай секіріп, билемейді, себебі телефондарын түсіріп алудан қорқады немесе әдемі кадр түсіргісі келеді. Егер сен қатты қозғалып, секірсең – кадр бұзылады, сол себепті көпшілігі өздерін ұстап қалады. Бірақ бұл – қазіргі өмірдің бір бөлігі. Бірде біз адамдардан телефондарын қойып, концертті көзбен тамашалауды сұраған концерт өткіздік. Бірақ аудиториямен бөлісетін ондай сәттердің де өзіндік сұлулығы бар.

Сіз Алматыдан үй сатып алмақшы екенсіз деген сыбыс бар. Бұл қаншалықты рас?

О, бұл тамаша болар еді! Таулардың жанында немесе бір әдемі жерде – керемет болар еді. Білмеймін, мүмкін Қазақстан – зейнетке шығып, табиғат аясында тыныш өмір сүруге тамаша орын шығар. Кім біледі? Маған сіздерде өте ұнайды.

Джаред Лето Алматыда өтетін Thirty Seconds to Mars тобының алдағы концерті туралы айтты

Біздің әлеуметтік желіден келген сұрақ: өткен жылы Астанадағы концертіңізде бір жұп үйлену тойының жылдығын атап өткен. Қазір олар сәби күтіп жүр, және болашақ ана сізден баласының кіндік атасы болуыңызды  сұрайды. Келісесіз бе?

О, Құдайым-ау! (күледі). Бұл өте күлкілі! Мен рухани ата болуға қуана келісемін. Жылдар өте адамдардың сенің концертіңе келіп, сол жерде танысып, үйленіп, кейін балалы болып, сол балаларын концертке алып келетінін көру- таңғажайып нәрсе! Жақында мен бір жанкүйермен кездестім, ол біздің музыкамызды жасөспірім кезінде тыңдайтын. Біз Парижде, 15 жылдан кейін, көшеде кездейсоқ жолығып, бірге селфи жасадық. Бұл керемет болды.

Бізде музыкалық подкаст бар, және оның финалдық сұрағы әрдайым бірдей. Джаред, өміріңіздің саундтрегі қандай? Тек бір ғана әнді атаңыз.

Тек бір ән бе? Вау. Бірнеше ән есіме түсіп тұр. Бірінші – Where the Streets Have No Name (U2). Неге екенін білмеймін, бірақ сіз «өміріңіздің саундтрегі» дегенде, мен Pink Floyd деп айтқым келді. Comfortably Numb, Wish You Were Here немесе Another Brick in the Wall.

Балалық шағымда музыка менің өмірімнің, болмысымның ажырамас бөлігі болды. Музыка – менің досым, серігім, ұстазым болды. Ол мені қолдады және әлі де қолдайды. Ал қазір мен өзім музыка жасап, оны адамдармен бөлісемін. Бұл өте керемет!


Мәтін: Сергей Штоль және Дмитрий Литок

Фото: Топтың жеке архивінен  

Thirty Seconds to Mars тобының Алматыдағы концертіне билеттер

Cookie Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше