Сыртқы істер министрлігі Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның Қазақстанға сапары туралы айтты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Ердоған 2022 жылғы 12-13 қазанда Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді.
«Сапар аясында 12 қазанда екі мемлекет басшыларының екіжақты кездесуі, сондай-ақ Қазақстан мен Түркия арасындағы Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің төртінші отырысы өтеді.
Келіссөздер барысында өзекті өңірлік және халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасу өтеді, тараптар екіжақты инвестициялық, сауда-экономикалық ынтымақтастық перспективаларын талқылайды», - деді СІМ баспасөз хатшысы Айбек Смадияров Астанада өткен брифингте.
Түркия Республикасының басшысы Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесінің (АӨСШК) 6-шы саммитіне де қатысады деп хабарланды.
Сонымен қатар, 12 қазанда Астанаға Катар Әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Тани келеді.
"Сапар барысында Катар Әмірі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездеседі. Келіссөздер барысында өзекті өңірлік және халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасады, тараптар екіжақты инвестицияның келешегін талқылайды», - деді Смадияров.
Сапар аясында екі елдің ірі компанияларының қатысуымен инвестициялық форум да өтеді.
Сонымен қатар, Катар Әмірі Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесінің (АӨСШК) VI саммитіне де қатысады.
15 қазанда Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовтың Қазақстанға алғашқы мемлекеттік сапары өтеді.
«Сапар екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толатын жылы өтуде. Бұл сапар саяси, сауда-экономикалық, көлік-транзиттік, мәдени-гуманитарлық, сондай-ақ Қазақстан Республикасы арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Түркіменстанның стратегиялық әріптестігі сапар барысында тараптар кең ауқымды мәселелерді, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылауды жоспарлап отыр», - деді Смадияров.
Шара нәтижесінде бірқатар екіжақты құжаттарға қол қою жоспарланып отырғаны атап өтілді.