Ерлан Карин: "Отбасындағы зорлық-зомбылықтың басты себебі - немқұрайлылық"


Мемлекеттік кеңесші Ерлан Карин қазақстандықтарды тұрмыстық зорлық-зомбылыққа бей-жай қарамауға шақырды.

Ерлан Карин, сурет ашық дереккөзден

Оның айтуынша, заңдылық пен құқықтық тәртіп принциптерін орнықтыру бұзақылық, балаларға қарсы қылмыс, тұрмыстық зорлық-зомбылық сияқты аса жағымсыз құбылыстармен күресуден басталады.

«Азаматтардың алаңдауы мұндай құқық бұзушылықтарға қарсы бірінші және ең маңызды тосқауыл болып табылады. Сондықтан елде дөрекілікке, агрессияға және кез келген нысандағы қылмысқа барынша төзбеушілік ахуалын қалыптастыру өте маңызды. Қоғамда белсенді азаматтық ұстаным басым болуы керек, адамгершіліктің, ынтымақ пен өзара көмектің негізгі нормалары насихатталуы керек», - деп жазды Ерлан Қарин өзінің Telegram-арнасында.

Мемлекеттік кеңесші Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес мәселелерін жиі көтеретінін атап өтті.

«Оның сөйлеген сөздері дәйекті және принципті ұстанымды көрсетеді. Президент әдепсіздіктің, бұзақылық пен зорлық-зомбылықтың кез келген көріністерін қатаң түрде жолын кесіп, жеке адамдарға, әсіресе әйелдер мен балаларға қарсы қылмыстар үшін жазаны қатайту қажет деп санайды. 2020 жылдан бастап Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу бойынша жүйелі шаралар қабылдануда. Ұлттық Қоғамдық сенім кеңесінің бастамаларын жүзеге асыру аясында полицияның тиісті бөлімшелерінің штаттық саны күшейтіліп, тұрмыстық зорлық-зомбылық істерін тергеуде әйел тергеушілерді мамандандыру енгізілді», - деді ол.

Қарин жақында заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, мұндай қылмыстар қазір жәбірленушілердің сөзінен ғана емес, куәгерлердің, көршілердің айғақтары, бейнекамераның жазбалары және т.б. арқылы да анықталатынын айтты.

«Сонымен қатар, қазір тараптардың татуласу мүмкіндігі алынып тасталды. Жалпы, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. Әрине, балама көзқарас бар. Кейбіреулер заңнаманы одан әрі қатайту мұндай құқық бұзушылықтардың ашылуының төмендеуіне әкелуі мүмкін деп санайды.

Бірақ тәжірибе көрсеткендей, қылмыспен күресудің ең тиімді тетігі жазаның бұлтартпастығы мен қатаңдығы болып табылады. Сонымен қатар, мәселені шешу тек заңнаманы өзгертуде ғана емес, азаматтардың моральдық-құндылық көзқарастары мен мінез-құлық үлгілерін жаңартуда екенін түсінуіміз керек. Қоғамда мұндай әрекеттерге жұмсақ көзқарас қалыптасқанша, мемлекет тарапынан қабылданып жатқан шаралардан нәтиже күту қиын», - деді ол.

Осылайша, деструктивті мінез-құлықтың кез келген көріністерімен күрес кешенді тәсілді қажет ететінін атап өтті.

«Қоғамдық деңгейде қылмысқа төзбеушілік қағидаттарын, ал мемлекеттік деңгейде заңдылық пен тәртіпті қатаң сақтауды насихаттау керек. Сондықтан, мемлекеттік органдар мен қоғам белсенділері әдепсіздік пен зорлық-зомбылықпен тиімді күресудің шоғырландырылған тәсілін әзірлеуі керек», - деп қорытындылады Ерлан Қарин.

Cookie Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше