«Junior Eurovision 2022» байқауы желтоқсанда Арменияда, Ереван қаласында өтеді.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Данияр Меңілбеков «Junior Eurovision 2022» байқауына дайындық туралы айтты.
"Гранд финал 11 желтоқсанда өтеді деп жоспарланған. Трансляцияны «Хабар» телеарнасынан сағат 21:00-де тікелей эфирде көруге болады. Байқауға әлемнің 16 елінен өнерпаздар қатысады», - деп толықтырды ол.
Оның айтуынша, Қазақстанның атынан жас орындаушы Дэвид Чарлин өнер көрсетеді. Ол 12 жаста, жалпы үш жылдай музыкамен айналысады, соңғы бір жыл кәсіби деңгейде шұғылданады.
"Ұлтым армиян болса да, әрине, мен жүрегімде қазақпын және ең бірінші кезекте қазақстандықтардан қолдау күтемін. Дайындық жақсы жүріп жатыр, ән жазылуда, бір айдың ішінде осы әнге бейнебаян түсіреміз деп үміттенемін. Әрине, толқу да бар, өйткені маған үлкен жауапкершілік артылды. Бірақ мен көрермендердің, ең алдымен, маған сеніп, мені Junior Eurovision байқауында Қазақстанды таныстыруға лайық деп санаған адамдардың үмітін ақтаймын деп сенемін», - деді ол.
«Қазақстан екі рет екінші орынды алып келді, бірақ бірінші орынға баратын кез келген шығар. Ән Отанға деген сүйіспеншілік туралы болмақ. Осы айдың соңына дейін әннің тұсауын кесуіміз керек. Жұмысқа кірістік», - деп қосты Жан Мұқанов.