Түркияда 14 мамырда президенттік және парламенттік сайлау өтеді.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Анкараға сапары барысында Түркияда өтетін президенттік сайлау туралы айтты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысы Түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммитінде сөйлеген сөзінде жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен түрік халқына әлемдік қоғамдастық тарапынан көрсетіліп жатқан кең қолдау мен көмек Президент Ердоғанның жоғары беделі мен оның ел үшін жанқиярлық еңбегінің жемісі екенін атап өтті.
"Биыл Түркия Республикасы өзінің жүз жылдығын тойлап жатыр. Бұл үлкен тарихи белес. Қысқа мерзім ішінде Түркия халықаралық аренада шын мәнінде күшті, ықпалды және беделді мемлекетке айналды. Бұған Президент Режеп Тайып Ердоғанның сіңірген еңбегі зор. Мұны бүкіл әлем қауымдастығы мойындап отыр. Мен Ердоған мырзаға алдағы президенттік және парламенттік сайлауда сәттілік тілеймін. Түрік халқы сізді қолдайтынына сенімдімін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Түркияда биылғы жылдың 14 мамырында президенттік және парламенттік сайлау өтеді.