Бұл туралы Мәжіліс алаңында Ішкі істер вице-министрі Марат Қожаев мәлімдеді.
Мәжіліс алаңында Ішкі істер вице-министрі Марат Қожаев Ресейден негізінен заңға бағынатын азаматтар келетінін айтты. Қожаевтың айтуынша Ресейде мобилизация басталғаннан бері Қазақстанға 100 мыңға жуық ресейліктер келген. Олардың 65 пайызы үшінші елдерге кеткен.
«Біздегі ақпарат бойынша 64 мыңнан астам адам кеше біздің елден кетіп қалды. Бүгінгі күнге дейін кіргендер тарапынан бірде-бір қылмыс немесе құқық бұзушылық жасалған жоқ», - деп қосты вице-министр.
Марат Қожаев барлығының заң алдында біртұтас екенін атап өтті.
"Егер олар құқықбұзушылық жасаса, әрине, заң бойынша бәріне тең шара қолданылады. Заң барлығына бірдей: көші-қон заңнамасын бұзса, елден қуылады, қылмыс жасаса, құқық бұзушылық болса, олар қылмыстық жауапкершілікке тартылады», - деді вице-министр.