Зардап шегуші 6 мамырда әлеуметтік желіде өзін 10 жыл бойы күйеуі жүйелі түрде соққыға жыққанын хабарлаған еді. Ел арасында "екінші Салтанат" аталып кеткен Карина Мамаш бірнеше арнаға сұхбат беріп, бар шындықты айтты.
Қазір Карина Мамаш балаларымен, әпкесі мен анасымен Астанадағы дағдарыс орталығында жатыр.
"Қазір мен өзімді қауіпсіз сезінемін. Балаларым, анам, әпкем қасымда. Мен ұзақ жылдар бойы қорқынышпен өмір сүргендіктен барлығын жасырып келдім. Мен ешқайда шағымданған жоқпын. Ал оның туыстары, жиені бұл жағдайды біледі, олар мені ауруханаға мұрынымды тіктіруге апарды және менің ешкімге айтпағаныма көз жеткізді. Мен кетемін деп айтқан жоқпын. Мен барлық айыптау дәлелдерін интернетке салатынымды айттым және «мені ұруды тоқтатпасаң түрмеге жабыласың» дедім, ол күліп «маған бәрібір» деп жауап берді,"- деді Карина Мамаш дипломат күйеуі Сәкен Мамаш туралы.
Дипломаттың әйелі отбасындағы зорлық-зомбылық туралы тек жақын достары ғана білетінін және ол бәрін отбасынан жасырғанын айтады. Бұл ретте ол барлығы үйленген алғашқы күннен басталғанын айтады. Көбінесе күйеуі агрессивті болып, мас болған кезде қолын көтерген.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Сәкен Мамашты шетелден шұғыл түрде шақыртып алды. Астана полициясы қылмыстық іс қозғады.
"Дипломаттың әйелі мен балаларының шетелде тұруы үшін төленетін «қосымша» деген бар. Оның үстіне, бұл қаржының барлығы жұбайының емес, дипломаттың өз картасына түседі. Яғни, шетелдегі әйелдің жеке қаражаты жоқ. Сондықтан, олар экономикалық тұрғыдан жұбайларына біршама тәуелді», – дейді «Қорғау Астана» қорының жетекшісі Анна Рыль.