Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаровтың хабарлауынша, келесі жылы әуе кемелері паркін 18 ұшақпен толықтыру, Шанхай, Рим, Марокко, Будапешт, Рига, Вена және Мюнхен бағыттарында жаңа әуе рейстерін ашу, Павлодар және Ақтау әуежайларындағы ұшу-қону жолағын реконструкциялау жұмыстарын аяқтау жоспарланған.
Авиация саласында қазақстандық компаниялар 10 ұшақ сатып алып, тасымалдау сыйымдылығын 7%-ға арттыруға ықпал етті. Халықаралық әуе маршруттарының желісі 22 бағыт бойынша кеңейтілді. Алматы мен Қызылорда әуежайларында жаңа терминалдардың құрылысы аяқталды. Шымкент әуежайындағы жұмыс аяқталу сатысында тұр.
Сонымен бірге, Халықаралық транскаспий дәлізінің өткізу қабілетін ұлғайту бойынша да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Биылғы 11 айда аталған бағыт арқылы тасымал көлемі 63%-ға өсіп, 4,1 млн тоннаға жетті. Контейнерлік тасымалдар 2,6 есеге, оның ішінде Қытайдан келетін транзит 26 есеге артқан.
2025 жылы субсидияланатын әуе маршруттарының саны 23 бағытты қамтиды, жалпы сомасы – 6,4 млрд теңге. Алдағы төрт жыл ішінде авиациялық хабтарды дамыту есебінен әуе жүктерін өңдеу көлемін екі есеге, яғни қазіргі 150 мыңнан 300 мың тоннаға дейін ұлғайтылмақ.