Полиция қылмыстың бірнеше себебін алға тартты.
Бразилияның Висконде-ду-Рио-Бранко муниципалитетіндегі зиратта тірідей көмілген 36 жастағы әйел құтқарылды.
Көмек сұраған айқайды естіп, қабырғаға қаланған 36 жастағы әйелді тапқан қабір қазушылар полицияға хабарласқан. Полицейлер қабірді ашып, жәбірленушіні босатқан. Басынан жарақат алған жәбірленуші жергілікті ауруханаға жеткізілді.
Әйел бетперде киген екі адамның оны зиратқа апарып, ұрып-соғып, қабірге күштеп кіргізгенін айтып берді. Содан кейін олар кірпішпен және цементпен шығатын есікті жауып тастаған.
Әскери полицияның мәліметінше, жәбірленуші нашақор болған және оған шабуыл жасаған ерлі-зайыптыларға сатпақ болған есірткіні жоғалтып алған. Алайда азаматтық полиция оқиғаның себебі ретінде атыс қаруына қатысты жанжалды алға тартты.
Тергеу кезінде полицейлер аты-жөні анықталған қылмыскерлерді іздестіруде.