Қайғылы хабарды ақын, журналист Бауыржан Бабажанұлы Facebook парақшасында жариялады.
«Қазақтың даңқын дүние жүзіне асқақтатқан Димаштың атасы, ардақты ақсақалымыз Құдайберген аға өмірден озды, Қанат, Света, мықты болыңдар», - деп жазды басылымда Бауыржан Бабажанұлы.
Айтбаевтардың отбасына Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов та көңіл айтты.
"Құдайберген Айтбаевтың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Димашқа, оның ата-анасы Қанат пен Светланаға, әрине, Құдайберген ағаның жары Миуя Низамутдиноваға күш-қуат тілеймін. Құдайберген Айтбаев біздің мәдениетімізге елеулі үлес қосты, талантты немересіне өнерге баулыды. Бұл еліміз үшін орны толмас қаза», - деді ол.
Желі қолданушылары отбасы мүшелеріне қолдау білдіріп, Димашты тәрбиелеп, өсірген Құдайберген ағаға алғыстарын білдірді. Өнерпаз, әлем жұлдызы Димаш құдайбергеннің ата-әжесінің тәрбиесінде болғаны белгілі.
2019 жылы Құдайберген Айтбаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі, сондай-ақ халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.