Пәкістан Үндістанға қарсы әскери операцияның басталғанын хабарлады

Пәкістан 10 мамыр күні таңертең Үндістанға қарсы ауқымды әскери операцияның басталғанын жариялады.


Фото: pixabay.com
Фото: pixabay.com

Бұл операция «Банйан-уль-Марсус» («Бекем қабырға») деп аталады. Бұл туралы Пәкістан үкіметінің хабарламасында айтылған.

Пәкістан билігі бұл әрекетті «Үндістанның агрессиясына» жауап ретінде жасағандарын мәлімдеді.

Шабуылдар Үндістанның Пенджаб штатындағы Патханкот әуе базасына және Кашмирдің Үндістанға қарасты бөлігіндегі Удхампур базасына бағытталған. Сонымен қатар, Беас қаласындағы «БраМос» аса дыбыстан жылдам зымырандарының қоймасы да соққыға ұшыраған.

Geo TV телеарнасы қауіпсіздік қызметіндегі дереккөздерге сілтеме жасап, Пәкістан Үндістан аумағындағы 11 нысанға шабуыл жасағанын хабарлады. Дереккөздің айтуынша, Пәкістан Адампур әуе базасында Үндістанның С-400 әуе қорғаныс жүйесін жойған және Үндістанның энергетикалық жүйесінің 70%-ын істен шығарған кибершабуыл жүргізген.

Пәкістанның әскери операция жариялауы елдің қарулы күштері Үндістанды үш әуе базасына зымыранмен соққы жасады деп айыптағаннан кейін орын алды, деп хабарлады BBC News.

Үндістан әскері Пәкістанның әрекетін «дрондар мен басқа да қару түрлерін қолдану арқылы жасалған өрескел эскалация» деп атады. Олар шабуылда қолданылған дрондардың бірден әуе қорғаныс жүйелерімен атып түсірілгенін мәлімдеді.

Үндістан армиясының мәлімдемесінде: «Пәкістанның Үндістанның егемендігіне қол сұғуы және бейбіт тұрғындарды қауіпке ұшыратуы – мүлдем қабылдауға болмайтын әрекет. Үндістан жаудың жоспарын іске асыртпайды», – делінген.

Үндістанның сыртқы істер министрі Викрам Мисри Пәкістанның соққылары Үндістанның әскери инфрақұрылымына зиян келтірді дегенді жоққа шығарды.

Үнді армиясының полковнигі София Куреши Пәкістанның «әскерін алдыңғы шепке жайғастырып жатқанын», бұл болса «ахуалды одан әрі шиеленістіруді көздейтін шабуылдаушы ниетті білдіреді» деп хабарлады.

Ол сондай-ақ үнді қарулы күштері жоғары жауынгерлік дайындық күйінде екенін және егер Пәкістан да жағдайды ушықтырмаса, Үндістан да шиеленісті арттырмайтынын айтты.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Үндістан сыртқы істер министрі Субраманьям Джайшанкармен және Пәкістан армиясының бас қолбасшысы Асим Мунирмен телефон арқылы сөйлесіп, екі елді ахуалды бәсеңдетудің жолдарын іздеуге шақырды.

6 мамыр кешінде Үндістан Пәкістанның өз аумағындағы және Кашмирдегі «террористік» инфрақұрылымға қарсы әскери әрекетті бастағанын хабарлады. Үнді билігі бұл «Синдур» операциясы аясында тоғыз нысанға шабуыл жасалғанын мәлімдеді. Пәкістан әскері де Үндістанға қарсы жауапты соққылар жасады.

Cookie Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше