Алты партиядан тұратын «Халық альянсы» Кемал Кылычдароғлұны алдағы көктемгі сайлауда мемлекет басшысы лауазымына бірыңғай кандидат ретінде ұсынды.
Келіссөздер қиын болды, мысалы, «Қайырымды партия» жетекшісі Мерал Ақшенер оның кандидатурасымен келіспеді. Ол Ыстамбұл мэрі Экрем Имамоглу немесе Анкара мэрі Мансур Яваштың кандидатурасын ұсынды.
74 жастағы Кемал Кылычдароғлу Түркияның тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүрік құрған Республикалық халық партиясының төрағасы.
Оппозиция, егер оның кандидаты сайлауда жеңіске жетсе, елдегі парламенттік жүйені нығайту үшін президенттің кейбір өкілеттіктерін шектеуді ұсынады.
Режеп Тайып Ердоған 10 наурызда сайлауға дайындық туралы жарлыққа қол қоятынын айтты. Ол жарияланғаннан кейін 60 күндік сайлау алдындағы кезең басталады. Бұл жағдайда дауыс беру 14 мамырда өтеді.
Сайлау науқаны елдегі жойқын жер сілкінісінің салдарын еңсеру үдерісі аясында өтеді. Бұл тақырып кандидаттардың сайлау алдындағы пікірталастарында басым болады.
Жергілікті сарапшылардың пікірінше, Ердоған мен Кылычдароглының жеңіске жету мүмкіндігі тең.