150 қазақстандық «Болашақ» стипендиясын иеленді


Оның ішінде 120 адам магистратурада оқитын болады.

Фото: esquire.kz

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу барысында Қазақстанның 150 азаматына «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау туралы шешім қабылданды.

Стипендия иегерлерінің жалпы санынан 120 адам магистратурада, 6 адам докторантурада білім алса, 24 қазақстандық әлемнің жетекші университеттері мен өндіріс орталықтарында тағылымдамадан өтеді.

Оқытудың басым бағыттарына ерекше назар аударылады – шәкіртақылардың үштен екі бөлігінен астамы жаратылыстану және техникалық пәндер бойынша грант иеленді.

Сондай-ақ, 33 қазақстандыққа әлемнің жетекші ғылыми-зерттеу орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өтуге грант берілді. Ерлан Қарин Мемлекет басшысының 2 қыркүйекте жарияланған Жолдауындағы нұсқауларға сәйкес ғылыми тағылымдамадан өтуге үміткерлерді мұқият іріктеу қажеттігін атап өтті. Сондықтан ғылыми тағылымдамадан өтуге экономика үшін аса маңызды салалардағы сұранысы жоғары мамандар ғана жіберіледі.