Балқаш көлін сақтау жоспары жасалатын болды. Бұл жоспарды Қазақстан мен Францияның су саласындағы мамандары әзірлейді. Олар су сапасын талдап, көл деңгейін бақылап отыру үшін цифрлық платформа құрады. Бұл туралы ҚР Су ресурстары министрлігі хабарлады.
«Атап айтқанда, BRGM мамандары көл бассейніндегі ұңғымаларды, гидробекеттерді және суармалы алқаптарды көру үшін жергілікті жерге барғысы келеді», — делінген хабарламада.
Министрліктің мәліметінше, зерттеу Францияның Даму агенттігі (AFD), Францияның Геологиялық және тау-кен зерттеулері бюросы (BRGM) және қазақстандық мамандармен бірлесіп жүргізіледі. Қазіргі уақытта француз тарапынан қажетті деректер жиналуда.
Су ресурстарының бірінші вице-министрі Болат Бекнияздың айтуынша, бұған дейін көлді сақтау мәселелері нақты стратегиясыз шешіліп келген. Енді шенеуніктер бұл іске байыппен кіріспек.
«Көлге қатысты мәселелер бірыңғай стратегиясыз шешілді. Жүйелі жұмысқа көшу үшін біз Балқашты сақтау мен қорғау жоспарын әзірлеуге кірістік», — деп түсіндірді ол.