Астанада Әлия Назарбаеваға қатысты атышулы «РОП Оператор» ЖШС-не қатысты сот процесі жалғасуда. Бүгін сотталушылардың бірі экс-президенттің кенже қызының банк шоттарына миллиардтардың қалай түскенін айтты.
Сот алдында ROP Operator компаниясының бұрынғы қаржы директоры Рустам Темірбек сөз сөйледі. Ол өз міндеттерінің қатарында Әлия Назарбаеваның есепшотына ақша аудару болғанын айтты.
Оның айтуынша, ол ақшаны Әлия Назарбаеваның өзінен, не үйіндегі көмекшілері мен қызметкерлерінен алған.
Темірбек атап өткендей, Назарбаевтың кенже қызының ақшасы әртүрлі банктерде сақталған және барлық банкте кассаға кезексіз кіргізетін «жеке менеджерлері» болған.
"Бірде Светлана Николаевна маған Әлия Назарбаеваның жеке тапсырмасын орындау үшін үйге баруымды, ол маған банктердегі жеке менеджерлерінің нөмірін беретінін айтты. Менің жұмысым ол берген қаражатты оның жеке банктік шотына салу болды. Сондай-ақ, әрбір банктердегі жеке менеджерлер оның қаражатын бақылап отырды. Тізімде Казкоммерцбанк, содан кейін Халық Банк, сонымен қатар Kaspi Bank бар. Маған Әлия Назарбаеваның шотына оның атынан жеке қаражатын салуға тура келді. Халық банкінде менеджердің аты-жөні Нисибаева Әсем, Kaspi-де филиал директоры Цхай Меруерт Қияновна», - деді ол.
Бұрынғы қаржы директоры Назарбаеваның есепшотына барлығы 2 385 806 796 теңге аударғанын мәлімдеді. Болжам бойынша, қаражат «Recycling Company», «Clean City NC» ЖШС және Әлия Нұрсұлтанқызының бақылауындағы басқа да компаниялардан алынған.
«Оның ішінде 2 208 000 доллар және 1 604 412 000 теңге енгізілді. Бұл қаражат Әлия Назарбаеваның жеке қаражаты болды. Ол ақшаны Назарбаеваның қол астындағы компания басшыларының үйінен, күзетшілерінен жәшіктермен алып, банкке апардым. Ол жерде мені бірден кассирге кезексіз алып барды. Олар ақшаны қабылдап, "депозит Назарбаеваның атынан" деп түбіртек берді. Бір рет ақша менің атымнан салынды. Неге екені есімде жоқ. Дәлел ретінде 2019 жылдың 14 қаңтарындағы 90 000 000 теңге түбіртек бар», - деп қосты жауапкер.
Темірбек айтып кеткен Мұхтарова Шынар «РОП Оператор» ЖШС-нің ресми құрылтайшысы, алайда, барлық сотталушылардың пікірінше, ол шын мәнінде Әлия Назарбаеваның үй қызметкері болып табылады.
Еске салайық, РОП Операторының атышулы ісіне қатысты тергеу өткен жылы басталған болатын. Одан кейін бұрынғы экология вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов, «Оператор РОП» ЖШС басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев, бас директор Светлана Коротченко және қаржы директоры Рустам Темірбек тергеу изоляторына жіберілді. Бұрынғы президенттің қызы белгісіз себептермен сотқа тартылмады.
Олар жеке ұйымды алты қоқыс жағу зауытын салу үшін заңсыз қаржыландыру арқылы кәдеге жарату төлемі түрінде жиналған 180 миллиард теңгені ұрлауды көздеді деп айыпталды.
Тергеушілер ROP Operator қызметкерлері инвестициялық саясат бағдарламасына қосымша шығындарды негізсіз енгізген деп есептейді. Соның ішінде Әлия Назарбаеваның компаниясында осы зауыттарға жұмсауды жоспарлаған 180 миллиард теңге болды.