Марк Шагал Алматыда

Жарықты жаратылу

АФ
Анна Фролкина
19 октября 2026

Фото автор ұсынды
Фото автор ұсынды

16 қазанда Алматыда «Марк Шагал. Жарықты жаратылу» көрмесі ашылды. OYLAU Space алаңында суретшінің Еуропадағы жеке коллекцияларда сақталған графикалық еңбектері ұсынылған, соның ішінде Көне Өсиет желілері бойынша литографиялар мен «Иерусалим терезелері» циклынан 24 парақ бар.

Витебскіден Парижге дейін

Марк Захарович Шагал (1887–1985) Витебскіде дүниеге келген. Ол тұрмысы шағын еврей отбасында өсті, Санкт-Петербургте кескіндеме оқыды, ал 1911 жылы Парижге көшіп, еуропалық авангардпен танысты.

Кубизм, фавизм және өзге де бағыттардың ықпалына қарамастан, Шагал өзіндік айрықша стилін қалыптастырды. Қаланы көктей ұшқан ғашықтар, музыканттар, жануарлар мен аударылып тұрған үйлер – осы бейнелердің көбі оның Витебск туралы естеліктерімен және суретшіні бала кезден қоршаған еврей дәстүрлерімен сабақтас.

Шагал екі дүниежүзілік соғысты, революцияны және бірнеше эмиграция толқынын бастан кешті. Революциядан кейін Витебскіде көркем білім беруді ұйымдастыруға атсалысты, бірақ кейінірек Кеңестік Ресейді тастап, Францияға қоныс аударды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде АҚШ-қа эмиграциялауға мәжбүр болды. 1948 жылы Францияға оралып, өмірінің соңына дейін сонда еңбек етті.

Суретші тек кескіндемесімен ғана емес, өзге де жанрларымен танымал. Ол кітап иллюстрациясымен, театр сценографиясымен, керамикамен, мозаикамен және витражбен айналысты. Оның шығармашылығында ерекше орын алатын тақырып – інжілдік желілер, Алматыдағы көрменің едәуір бөлігі соған арналған.

Шагал графикасындағы Көне Өсиет

Марк Шагал Алматыда

Шагал қатаң діни адам болмағанымен, інжілдік сюжеттер оны өмір бойы бірге ертіп жүрді. Оның еңбектерінде бұл тақырыптар Витебск естеліктерімен және еврей халқының тарихы жайлы толғаныстарымен астасады.

1930 жылы француз баспагері әрі коллекционер Амбруаз Воллар суретшіге Библияға иллюстрациялар жасауды ұсынады. Бір жылдан соң Шагал әйелі Белла және қызы Идамен бірге Палестинаға жол тартып, Иерусалим, Тель-Авив және інжіл тарихымен байланысты өзге де жерлерді аралады. Бұл сапар оған зор әсер қалдырып, болашақ иллюстрацияларына дайындықтың маңызды кезеңіне айналды.

Інжіл тақырыбындағы графикаға жұмысы ондаған жылдарға созылды. Шагал Адам мен Хауа, Нұх, Ибраһим, Мұса, Дәуіт патша және Көне Өсиеттің өзге де кейіпкерлері туралы тарихтарға қайта-қайта оралып отырды. Оны оқиғаларды тура қайталаудан гөрі, олардың эмоциялық мәні көбірек қызықтырды.

Шагал туындыларындағы інжіл кейіпкерлері жиі-жиі оның туған Витебскінің тұрғындарын еске салады, ал көне шаһарлар – балалық шақтағы кішкентай қоныстарды меңзейді. Мыңжылдықтарға кететін сюжеттерге жүгінсе де, суретші өз естеліктеріне қайта оралады.

Көрмедегі ең әсерлі топтамалардың бірі Адам мен Хауаның тарихына арналған. Мұнда оқиға өрбіген сайын бейнелер мен түстер гаммасының қалай өзгеретінін байқауға болады. Әуелі – жұмсақ жасыл реңктерге бөленген жұмақ бағы: Адам мен Хауа ағаш түбінде елестетіледі, олардың мүсіндері біртұтас кейіпке айналғандай. Кейін – күнәға батуы және жұмақтан қуылуы. Тыныш жасылдың орнын алаң тудыратын қызыл мен сарғылт реңктер басады. Өзгеретін тек түстер емес, композициялар да: үйлесімнің орнын қозғалыс пен ширығу басады.

Марк Шагал Алматыда

Ұсынылған еңбектердің арасында «Дәуіт пен Вірсавия» (1956) атты белгілі литография бар. Оның өзегінде – көне өсиеттегі Дәуіт патшаның оқиғасы: ол тұрмыс құрған Вірсавияға ғашық болып, өз ісін жасыру үшін оның күйеуін өлімге жібертеді. Сюжет қаншалық драмалық болса да, Шагал өзіне сүйікті бейнелердің біріне – ғашықтар жұбына жүгінеді, Дәуіт пен Вірсавияның жүздері біртұтас бейнеге ұласады.

«Иерусалим терезелері»: графикадан витражға

Марк Шагал Алматыда

Көрменің орталық бөлімі әйгілі «Иерусалим терезелері» циклына арналған. 1950-жылдардың соңында Шагалға Иерусалимдегі «Хадасса» медициналық орталығы синагогасына витраждар жасау ұсынылды. Оларға жұмыс екі жылға созылды. Витраждар синагогаға орнатылар алдында Парижде және Нью-Йорктегі Қазіргі заманғы өнер мұражайында (MoMA) көпшілікке көрсетілді. 1962 жылдың ақпанында салтанатты ашылу өтті. Бүгінде витраждар әлі де Иерусалимде сақтаулы және суретшінің ең танымал монументалды туындыларының бірі саналады.

Әр витраж інжілдік патриарх Жақыптың он екі ұлының біріне арналған, Көне Өсиетке сәйкес, солардан Израильдің он екі руы тараған.

Композициялардың негізінде – Жақыптың өлер алдындағы ұлдарына арнаған бата-өсиеттері. Онда ол әрқайсысының мінезін сипаттап, ұрпағының болашағын болжайды, жиі аң-құс пен табиғат құбылыстарына теңеулер қолданады.

Дәл осы теңеулер Шагал бейнелерінің өзегіне айналды. Мәселен, Иуда – күш пен патшалық биліктің символы саналатын арыстан бейнесінде, Биньямин – қасқыр, ал Нафтали – еркін елік. Жүсіптің композициясында молшылықты меңзейтін жеміс ағаштары мен жүзім бұталары көрінеді. Забулонның терезесінде кеме мен теңіз бейнеленсе, Данның терезесінде – жылан және әділеттің рәміздері бар.

Әр витраждың өзіне тән түстер гаммасы бар – қанық көк пен жасылдан бастап жарқын қызыл және сарыға дейін. Шагал күн сәулесі түрлі-түсті әйнектен өтіп, синагога ішін үнемі құбылып тұратын бояуларға бөлегенін қалаған. Түстерді таңдауда ол бас діни қызметкер Ааронның он екі асыл таспен көмкерілген көкірегіндегі өңірше туралы көне өсиеттік сипаттамаға жүгінді.

Марк Шагал Алматыда

Алматыдағы көрмеде «Иерусалим терезелері» циклына арналған 24 литография – 12 парақтан тұратын екі серия көрсетілген. Оларды қатар қойып тамашалау, композициялары мен түстік шешімдерін салыстыру әсіресе қызық. Кейбір бейнелер еркін нобайға ұқсайды: жануарлар, өсімдіктер және рәміздердің жеке фигуралары ашық фонда орналасады. Басқалары түс пен бөлшектерге әлдеқайда бай, ал олардың композициялары витраждардың түпкілікті келбетіне едәуір жақын.

Шагал суреттеріне қайта-қайта оралып, тұлғалардың орналасуын, түстер үйлесімін және жекелеген детальдарды өзгертті. Витраждарға жұмыстың әр кезеңі суретшінің басшылығымен литография шебері Шарль Сорльенің қатысуымен графикада қайта жаңғыртылды.

Марк Шагал Алматыда

Алматыда ұсынылған екі серия бір композицияның әртүрлі нұсқаларын салыстыруға және Шагалдың ой-тұжырымдарының қалай өзгергенін – алғашқы графикалық шешімдерден витраждарда іске асқан бейнелерге дейін көруге мүмкіндік береді.

Көрме «Марк Шагал. Жарықты жаратылу»
OYLAU Space
Алматы, Гоголь көш., 15
2026 жылғы 1 желтоқсанға дейін
Сс–Сб: 12:00–20:00

Cookie Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше