Қасым-Жомарт Тоқаев бұдан былай Қазақстанның бүкіл табиғи байлығы олигархтар мен олардың мүддесін қорғайтын плутократ-шенеуніктерге емес, бүкіл халыққа тиесілі болады деп мәлімдеді.
Президент барлық баяндамаларды зор ықыласпен тыңдағанын айта келе, ұсынылып отырған бірегей ғылыми әзірлемелер мен технологиялық стартаптардың барлығының ел үшін маңызы зор екенін айтты.
Мемлекет басшысы қазір әлемдегі ең бай және капиталданған компаниялар финтех, жасанды интеллект, IT және басқа да озық технологиялар негізінде қызмет жасап, қызмет көрсетіп жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, көптеген елдер өздерінің «кремний алқаптарын» құра бастады.
"Олар әлемнің үздік инженерлерін өз елдеріне шақырып жатыр. Себеп – біреу, ғылым алып индустрияға айналды. Бұл сала бүкіл экономиканы жаңа деңгейге көтеретін сектор ретінде қалыптасып келеді. Біз осы әлемдік үрдістен шет қалмауымыз керек. Еліміз талай жыл бойы негізінен мұнайға арқа сүйеп келді. Бірақ қазір – заман басқа. Табиғи байлықтың емес, адам капиталының маңызы артқан дәуірге қадам бастық", – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, Қазақстанда жоғары білікті техникалық кадрлардың тапшылығы өткір.
"Бүгінде көп нәрсе өзгерді. Үздік техникалық сала мамандарына сұраныс жоғары. Инженер болу мәртебелі әрі экономикалық тұрғыдан тиімді мамандыққа айналды. Соңғы жылдары жастардың техникалық мамандықтарға деген қызығушылығы артып келе жатқаны байқалады. Қазір еліміздегі 610 мың студенттің 112 мыңы техникалық мамандықтар бойынша білім алып жатыр. Қазақстанда экономиканың жаңа салалары жедел дамып келеді. Мысалы, тек отандық IT секторда алдағы жылдары 150 мың жаңа жұмыс орны пайда болады,"– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы біздің жеріміздің алуан түрлі ресурстарға бай екенін, Қазақстанның жер қойнауында бүкіл мерзімдік жүйе бар екенін еске салды.
"Бұдан былай Қазақстанның бүкіл табиғи байлығы олигархтар мен олардың мүддесін қорғайтын плутократ-шенеуніктерге емес, бүкіл халыққа тиесілі болады. Бұл маңызды ережені Конституция деңгейінде бекіттік. Алайда еліміздің ең басты байлығы – адам. Сондықтан мемлекеттің ең басты міндеті – олардың өз қарым-қабілетін іске асыруына барлық қажетті жағдайды жасау," – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев сапалы және қолжетімді білім беруді дамытуға баса назар аударды. Ол соңғы жылдары еліміз бұл бағытта айтарлықтай жетістіктерге жеткенін және отандық жоғары оқу орындарында білім сапасын арттыру және озық халықаралық тәжірибені енгізу басымдылығын атап өтті. Сондай-ақ Қазақстан Президенті біздің білім беру жүйемізде студентпен қатар ұстаз басты тұлға болуы керектігін және бұл игі кәсіптің беделін көтерудің маңызы ерекше екенін де қадап айтты.