Көгілдір экран әлемді жаулағанымен, театрлар әлі де танымал. Спектакльдің рухын экрандағы актердің ойынымен салыстыруға бола ма? Балет, опера, комедия, мюзикл, яғни кез келген "жанды қойылым" адам бойындағы барлық сезімді оятады, тамсандырады, таңқалдырады. Сондықтан да, театр өнері әрқашан бір қадам алда болмақ.
Бүгінгі топтама - еліміздегі баруға тұрарлық үздік театрлар туралы. Бұл тізім рейтингті анықтамайды, себебі театр өнерінде "ең жақсы" немесе "ең нашар" деген ұғым жоқ. Әрбір театр өзінің атмосферасымен, актерлерімен, тарихымен ерекше және қайталанбайтын өнерге ие. Сондықтан, бұл тізімдегі театрлардың ешқайсысын өз көзіңізбен көрмесеңіз, қорытынды жасауға асықпаңыз, оларға міндетті түрде баруыңыз керек.
Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры (Алматы)
Бұл театрдың шығу тегі өткен ғасырдың 30-жылдарынан басталады. 1934 жылы Мұхтар Әуезовтің либреттосымен «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясының көпшілік алдында тұңғыш қойылымы өтті. Бұл оқиға да қазақ музыкалық театрының туған күні болып саналады. ГАТОБ-тың алғашқы композиторы - Қазақстанның ұлттық операсының негізін қалаған Евгений Брусиловский. Бүгінде театрда «Абай», «Абылай хан», «Аида», «Біржан мен Сара», «Богемия», «Еңлік Кебек», «Евгений Онегин» және тағы басқа операларды тамашалауға болады. Театр репертуарында «Анна Каренина», «Бахчисарай фонтаны», «Жизель», «Кармен сюитасы», «Аққу көлі», «Щелкунчик», «Шехеразада» балеттері де бар.
Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры (Алматы)
Бұл театрда қойылған алғашқы пьеса Мұхтар Әуезовтің «Еңлік Кебек» трагедиясы болды. Театрдың құрылып, ашылуына Жұмат Шанин, Құрманбек Жандарбеков, Әміре Қашаубаевтар үлкен үлес қосты. Ал алғашқы репертуарды Сейфуллин, Әуезов, Майлиндер құрастырған. Театрдың репертуары кең: түрлі комедияларды, трагедияларды, тіпті мюзиклдерді көруге болады. «Жүз жылдық махаббат», «Сыған серенадасы», «Абай», «Қыз Жібек», «Мөлдір махаббат», «Ақстағы Ахико» туындылары көрерменнің ерекше сүйіспеншілігіне бөленді.
Театр ұжымы 1926 жылдан бастап жазғы гастрольге шығуды игі дәстүрге айналдырып, республиканың елді мекендерінде өнер көрсетіп келеді, сонымен қатар гастрольдік сапармен Мәскеу, Нөкіс, Қазан, Уфа, Шираз, Ташкент, Нанси қаласыларында болды.
М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры (Астана)
Қазақстан және ТМД елдері бойынша ең көне және алдыңғы қатарлы театрлардың бірі. Ол 19 ғасырдың аяғында құрылды және тез арада көрермендердің сүйіспеншілігіне ие болды. Театр соғыс жылдарында да жұмысын тоқтатқан жоқ. Қазір орыс драма театры репертуарында Н. Гоголь, А. Чехов, Ж. Кокто, А. Вампилов, У. Шекспир, Т. Уильямс, С. Мрожек, Б. Бехта шығармалары негізінде қойылған 20-дан астам қойылым бар. Бірнеше жылдың көлемінде көрерменді бала кезінен тәрбиелеу ісі дәстүрге айналды. Осыған орай, өнерді бағалайтын жас балғындарға арналған 10-нан астам музыкалық ертегілер театр репертуарынан орын алды. Гастрольдік сапарлар мен әртүрлі көлемдегі театр фестивальдарына қатысу театр өмірінің ажырамас бөлігіне айналды.
Шығыс Қазақстан облыстық Жамбыл атындағы драма театры (Өскемен)
Өскемен қаласының сәулет, мәдениет және тарих ескерткіші. Алғашында театр «Халық үйі» деп аталып, алғашқы театр маусымын 1936 жылы қаңтарда Николай Васильевич Гогольдің «Үйлену» спектаклімен ашты. Театр репертуары тек классикалық қойылымдармен ғана шектелмейді, сонымен қатар ертегілер, мюзиклдер мен фантастикалық пьесалар бар.
Наталия Сац атындағы орыс мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры (Алматы)
Көп жанрлық театрландырылған қойылымдарға арналған алаң. 1944 жылы негізі қаланған Қазақстандағы ең көне театрлардың бірі – көрермендер көңілінен шыққан спектакльдердің репертуарын ұсынатын еліміздегі тұңғыш мемлекеттік балалар театры. Жас көрермендер театры әлемге әйгілі режиссер және театр суретшісі Наталия Ильинична Сацтың бастамасымен құрылды. «Қызыл телпек» және «Лейден қоршауы» сияқты спектакльдердің премьерасы 1945 жылы 7 қарашада өтті. 1995 жылы Жастар театры негізін қалаушының құрметіне Наталия Сац атындағы театр болып өзгертілді. 1996 жылы Қазақстан Республикасының көпұлтты театр өнерін дамытудағы зор еңбегі үшін театрға «академиялық» құрметті атағы берілді.
«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры немесе Астана Опера (Астана)
«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры құрылысы 2010 жылы басталып, 2013 жылы 21 маусым күні Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен алғашқы маусымын ашты. Театр Орталық Азиядағы ең ірі театр болып саналады.
Театр шымылдығын тұңғыш түру құрметі Мұқан Төлебаевтың «Біржан – Сара» спектакліне берілді. «Астана Операның» репертуарында М.Төлебаевтың «Біржан — Сара», А. Жұбанов пен Л. Хамидидің «Абай», Е. Брусиловскийдің «Қыз Жібек» опералары, Ғ. Жұбанованың музыкасына жазылған «Қарагөз» балеті бар.
Театрда Милан Ла Скала театры, неаполитандық «Сан-Карло», генуэздік «Карло Феличе», Ұлттық Париж операсы, Санкт-Петербургтегі Мариин театры және т.б. гастрольдік сапармен болды. 2014 жылы «Астана Опера» (Нью-Йорк — Торонто — Париж — Антверпен — Роттердам) әлемдік турнесі өтті.
Ақерке Дүйсенбай