Соңғы болған оқиға салдарынан отандастарымыз жұмыстан қысқартылған.
Мұндай ақпарат осы азиялық елдегі азаматтарымызға көмектесуге маманданған Instagram желісіндегі @korea_komek парақшасында пайда болды.
Жұртшылықтың айтуынша, Инчхон әуежайынан қашпақ болған екі қазақстандықпен болған оқиғадан кейін небәрі екі күннің ішінде 23 отандасымыз Қазақстан азаматтығына байланысты жұмыстан шығарылған.
«Әуежайдан сенсациялық қашып кету оқиғасына кореялық тараптың жауабы осылай болса керек.Өздеріңіз білетіндей, олар бұған дейін құжаттарындағы қатеге байланысты елге кіруге рұқсат бермеген болатын.Олар қайтар рейсті күтіп тұрғанда 3,5 метр биіктіктен асып, ұшып-қону жолағына жақын қоршаумен қашып кеткен.
Түркістан облысының тумалары өз істерін мойындап, отбасын асырау үшін жұмысқа келгендерін айтты. Біреуін еліне қайтару керек. Екіншісі Оңтүстік Корея түрмесінде үш ай болады. Бұл елдің заңнамасы бойынша ол 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін»,-делінген жазбада.
Тағы бір жазбада Оңтүстік Кореяның провинцияларының бірінде сол зауытта жұмыс істеген 38 қазақстандық қамауға алынды делінген.
Айта кетейік, бұл мәлімдемелер бойынша Корея мен Қазақстан билігінен әзірге ресми ақпарат жоқ.
Еске салайық, 28 наурызда Қазақстанның депортацияланған екі азаматы Оңтүстік Кореяға қашып кеткен болатын. Желі қолданушылары жексенбі күні таңғы сағат 4:20 шамасында 21 және 18 жастағы екі қазақстандықтың депортацияланатын рейсті күтіп тұрғанда Инчхон әуежайының ұшу-қону жолағы маңындағы қоршаудан асып, қашып кеткенін хабарлады.
Кейінірек жергілікті полиция қызметкерлері қазақстандықтардың бірін ұстаған. Оңтүстік Кореяда екінші қашып кеткен қазақстандықты қолға түсіргені үшін 30 миллион вон (10 миллион теңгеден астам) сыйақы ұсынылды.
Белгілі болғандай, қазақстандық Нарзуллаев Умиджан Деджон қаласында орналасқан дүкенде телефонын қуаттап жатқан жерінде құқық қорғау органдары қамауға алған. Ал, іздеуде жүрген екінші Қазақстан азаматы қашып кеткеннен кейін үшінші күні Сеулдің көші-қон қызметіне өз еркімен келген.