Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев ресейліктердің Қазақстанға жаппай келуі мүмкін деген мәселеге қатысты пікір білдірді.
«Ресейліктер бізге келе алады. Егер олар туыстарына немесе туризм мақсатында келсе біз оны шектей алмаймыз және шектемеуіміз керек. Қазақстандықтардың Ресейге бара алатыны сияқты. Бұл өзара процесс. Бұл біздің саясатымыз», - деді Мәулен Әшімбаев палатаның жалпы отырысында.
Сенат спикері Қазақстанға қоныс аударуға рұқсат беру мүлдем басқа мәселе екенін атап өтті.
«Егер біз тұруға рұқсат алу туралы айтатын болсақ, онда бұл басқа санат. Кез келген басқа елдің азаматында Қазақстанда тұруға рұқсат алу үшін өз мемлекетінің келісімі болуы керек. Бұл тармақ біздің заңдарда анық жазылған», - деп түсіндірді Мәулен Әшімбаев.
Тұрғылықты тұруға ықтиярхат алу үшін өтініш берушінің рұқсат парағы және заңда көзделген басқа да құжаттары болуы керектігі айтылды.
«Саяси баспана – бұл басқа мәселе. Саяси баспана беру, босқын деп тану және босқын мәртебесін беру басқа мәселелер. Олар халықаралық келісімдермен және БҰҰ бекіткен тиісті құжаттармен реттеледі. Бұл мүлде басқа әңгіме, қазір бұл туралы мәселе туындаған жоқ», - деп қосты Мәулен Әшімбаев.
Кеше Ресей президенті Владимир Путин Ресейде ішінара жұмылдыру туралы жарлыққа қол қойған еді.