Қоғам қайраткері, жазушы-публицист. 74 жаста.
Қазақ публицистикасы үнемі даму, ілгерілеу үстінде. Қай уақытта болмасын тұтас халықтың ортақ идеологиясын қалыптастыруда ақпарат құралдарының рөлі ерекше. Тәуелсіздікпен бірге еліміздің ақпараттық кеңістігінде үлкен дүмпу болды. Газет-журнал қатары әлденеше есеге көбейіп, отандық БАҚ нарығында бәсеке қыза түсті. Олардың басшылығына азат ойлы, үлкен жүректі менеджерлер келді. Солардың қатарында белгілі журналист Марат Тоқашбаев та бар.
Марат Тоқашбаев – үлкен азаматтық, қайраткерлік, қаламгерлік жолдан өткен тұлға. Оның күрес жолы - өнегелі жол. Қазақ журналистикасының деңгейін жоғары көтеруге үлес қоса білген Марат Бәйділдәұлы, міне, жарты ғасырдан бері журналистиканың комиссары рөлін атқарып келеді. Партиялық басшылық билік жасаған кезде қазақ ұлтының арынын аштырмай, оның құндылықтарын өшіру саясатқа айналған тұста Марат Бәйділдәұлы тың ойлар айтудан тайсақтамай, ойын ашық білдірді. Ашық қарсылық ретінде партиялық билетін өз еркімен тапсырып, өмірін ұлт мүддесіне қарай бағыттады.
Өзгеше ойлайтын, ойын ашық жеткізетін, пікірін іште бүгіп қалмайтын демократиялық көзқарастағы қаламгерлер журналистикаға жаңа леп пен көпқырлылық алып келді. Бұл ретте журналист, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Марат Тоқашбай жарияланымдарының орны ерекше. Салт-дәстүр, тіл, дін, ұлттық құндылық, қоғам, әлеуметтік, ғылыми тақырыптарда қалам тербеді. «Жетісу», «Халық кеңесі», «Заң», «Заман-Қазақстан» газеттеріндегі күрескер публицистикалық мақалалары оқырманға ой тастап, ерекше күш берді.
«Әке-шешеміз мұғалім болғанымен, үнемі «Құдайсыз қурай да сынбайды» деп отыратын жандар еді» деп ата-анасын еске алатын Марат Тоқашбайдың балалық шағы туралы көпке белгілі емес. Марат Тоқашбаев 1949 жылы 18 мамырда Талғар қаласында өмірге келген. Әкесі Жанысбаев Байділдә 1938 жылы әскер қатарына алынып, тоғыз жыл тылда жүрген. Фин, Жапон, Ұлы Отан соғысына қатысып, өмірінің елеулі бөлігін майдан даласында өткізген жан. Марат Тоқашбайдың әке-шешесі 1948 жылы Абай атындағы педагогикалық институтта оқып жүрген кездерінде танысып, шаңырақ көтереді. Алайда әкесі соғыста алған ауыр жарақат салдарынан Марат Тоқашбайдың екі-үш жасында өмірден өтеді де, анасы төркіні Малыбай ауылына көшіріп әкетеді. Осылайша, болашақ танымал журналистің балалық шағы нағашы жұртында өтеді. Кейін анасы қайта тұрмысқа шығып, бұрынғысынша мектепте мұғалімдікпен айналысады. Екінші әкесі Досымғали Теменов көзі ашық, білімді, жақсы адам болған екен. Соғысқа қатысқан және Ұлы Отан соғысының мүгедегі, мектепте ұстаздық еткен. Мараттың өзінен кейін Қанат, Талғат, Абат, Әділғали деген інілері, Майра деген қарындасы бар.
«Үйдің үлкені болғандықтан, өзімнен кейінгі бауырларыма қамқор болып, отбасының күнделікті шаруасына қолғабыс етіп, жастайымнан еңбекке пісіп өстім. Бала болып көше аралап, асық атып, доп теуіп, асыр салып ойнап көрген емеспін» деп еске алады.
Бала күнінен ең сүйікті ермегі кітап оқу болған. Бұл туралы «Мені тәрбиелеген, өмірге деген өзіндік көзқарасымды қалыптастыруға, алға қойған мақсатқа ұмтылуға үйреткен де осы кітап болды» дейді журналист. Мектеп бітірген соң төрт жыл оқуға іліге алмай, комсомолдық жолдамамен сол кездегі ұран бойынша екінші тың игеру жұмыстарына араласады. «Горный овцевод» кеңшарында шопанның көмекшісі бола жүріп, қойшылардың тынымсыз ауыр жұмысының да дәмін татқан Марат Байділдәұлы кейін Асы-Саға ауылындағы сегізжылдық мектепте еңбек пәнінің мұғалімі, Қаратұрықтағы мектеп-интернатта бастауыш кластарға сабақ беріп, тәрбиеші болып жұмыс істейді. Арасында Шелек аудандық «Еңбек туы» газетіне ұсақ-түйек мақала жазып отырған. Болашақ журналистті жазушы болсам деген бала күнгі арманы сөйтіп алға жетелейді. Журналистика саласындағы еңбек жолын 1969 жылы Алматы облыстық «Жетісу» газетінен бастайды. Алғаш шабарман болып жұмысқа тұрысымен жазып-сызуға құлшынысы еселеп артқан екен. КазГУ-дің журфагіне де ілігеді. «Журналистиканы жұмыс істеп жүріп іс жүзінде үйрендік. Редакцияның штабы саналатын секретариат бөлімінде Рахымжан Өтегенов, Жақыпжан Нұрғожаев, Әскер Исақов, Рысбек Сәрсенбай сияқты елге белгілі журналистермен қатар еңбек еттік. Жанып тұрған кезіміз ғой, бәріміз доспыз әрі шығармашылық бәсекеде жүреміз» дейді журналист. Осылайша, «Жетісу» газетінде 1969 жылдан 1982 жылға дейінгі өмірін өткізеді. Әрі қарай талмай жасаған еңбегі бағаланып, қазақ елінің жоғын жоқтап, мерейін асыратын, тізгінін тастай буған танымал журналистік жолы босталады. 1982 жылдан республикалық «Білім және еңбек» журналында бөлім меңгерушісі, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің органы – «Халық Кеңесі» газетінде жауапты хатшы, Бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарды. 1994 жылы «Заң газетінің» алғашқы Бас редакторы болды. 1997 жылы Қазақ теледидарының жаңадан құрылған «Ақшам» ақпарат бағдарламасын басқарды. «Қазақстан–1» телеарнасы ақпарат бағдарламасының Ақмоладан тікелей эфирге шығуын қамтамасыз етті. Қазақстан Президентінің Түркияға, Ұлыбританияға, АҚШ-қа сапарлары туралы репортаждар жүргізді. 1999 жылы Меккеден әлемдік трансляция бойынша қазақ тілінде алғашқылардың бірі болып тікелей эфирден репортаж берді. 1999 жылдан Қазақ теледидарының Бас директоры болды. 2002 жылы халықаралық «Қазақстан–Заман» газетін басқарды. Балаларға арналған республикалық «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы қызметін бір жылға жуық жұмыс істейді. Әлі күнге адал еңбек етіп келе жатқан, қазақ баспасөзінде ойып тапқан орны бар, қаламы өткір журналистің өмір жолы көпке үлгі болып келеді.
Марат Тоқашбайдың көтерген өткір тақырыптары мен өзекті мәселелері
«Жастарға көңілі толмаушылық ерте замандардан бар. Қайтейік, бүгінгі жастар – кешегі өзіміз. Бұл жастарды сыпырып тастап, орнына қоятын басқа жастарымыз жоқ. Қазақты құтқаратын – тәрбие, имандылық тәрбиесі. Мені жастардан гөрі, бастары қосылса қисалаңдап отырып рюмке көтеретін, жүз грамм десе, жүзі жайнайтын егделер мен қарттар қинайды. Ал жұма намазда мешіттерде жастардың көптеп жиналуы қуантады. Солардан үміт етемін. Мағжан айтпақшы, мен де жастарға сенемін!»,-дейді Марат Тоқашбай бір сұхбатында.
Осы сөздерден кейін оның Отаны үшін, елінің болашағы үшін шын уайымдайтын, болашақ үшін еңбек етіп жүргенін бірден байқауға болады. Әсіресе күннен-күнге ұмытылып бара жатқан салт-дәстүріміз бен рухани құндылықтарымызды жандандыру жолында істеген еңбегі ерен. Оған мысал 2005 жылы ашылған «Той әлемі», «Той-шашу», «Этнопедагогика», «Қазақстан патриоты» деген төрт басылым. Мақсаты – ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізді насихаттау, отбасы құндылықтарын дәріптеу, отаншылдық қасиеттерді орнықтыру болатын. Бұл басылымдар алты жылға жуық шығып тұрған. Оншақты адамнан тұратын шағын редакцияға төрт басылымды шығару қиынға соққан. Сондықтан шығармашылық күштерін шашыратпау үшін ақыры бұл басылымдарды тоқтатып, негізі күш газет пен «Қазақстан патриоты» журналына шоғырландырылған екен. Марат Тоқашбайдың жары Раушан қазір осы басылымға жетекшілік етеді. Отаншылдық тақырыпты ту еткен журнал 10 жылдан бері тұрақты шығып келеді. Мектеп оқушылары арасында танымал басылымдардың бірі.
Журналист Тоқашбадың ұлттық публицистиканы дамыту жолында жоғарыда айтылғандай жарты ғасырдан бері журналистиканың комиссары рөлін атқарып келеді.
«Қазақ журналистикасы бүгінде жалтақ. Ішкі цензурасы басым. Деңгейі – «пресс-релиздік». Бұл, ең алдымен телеарналарға қатысты. Жұртты мезі еткен арзан ойын-сауық бағдарламалары шаш етектен. Қазақ журналистикасы қоғамдық оқиғалардың соңында салпақтамауға тиіс. Бүгінгі таңда көркем әдебиет қоғамды ізгілік нұрымен шуақтандырып, гуманистік бағытта тәрбиелесе, ал публицистика қоғамды алға сүйрейді. Кемшін тұстарын көрсетіп, тек қоғамды ғана емес, тұтастай мемлекеттің бағыт-бағдарына тура жолды нұсқайды. Қазақ журналистикасының мойнында қазақ халқының тағдыры тұр. Сондықтан қазақ журналистеріне білім, біліктілік, ұлтшылдық, патриотизм қажет»,- дейді журналист.
Ұлыларымыз айтқан рухани дамыған адам болу, Абайдың «толық адамы», әл-Фарабидің «қайырымды адамы», Шәкәрімнің «ар-ұжданы бар адамы» дегені ең биік адам. Марат Бәйділдәұлы да өзінің осы қатардан екенін дәлелді сөздерімен жеткізе білді. Жеке адам рухани жағынан жетілмей, қоғам дамымайды. Ұлт туралы, қоғамның болашағы туралы қара түнекті төндіріп, жамандық іздеп, әр түрлі сөйлей беретін адамдар да бар. Марат Тоқашбайдың ойынша адам жақсылықтарды көре білуі қажет. Сәл де болса, ілгерілеушілікті байқап, ертеңге сеніммен қарауда сергектік те қажет. Жеке амбициялардың айтысынан ұлтқа ешқандай пайда келмейді. Керісінше, бізге дүниетанымдық кеңдік пен өзара түсіністік керек. Демек, қоғамымыздың жетілу тетіктерін біріге отырып іздеуіміз қажет.
Журналист Марат Тоқашбайдың фейзбук парақшасында жарияланған сөздерін нағыз сыншыл, күрескер публицистика деп атауға болады. Себебі халықты қынжылтқан өзекті тақырыптырды, ащы шындықты ашық айтады. Мысалы, «ҚАУІПСІЗДІК КЕҢЕСІ ТАРАТЫЛСЫН!» деген жариялымында COVID-19 ға қарсы қол қусырып, халық алдында міндетін орындай алмай отырған Қауіпсіздік кеңесін таратуды ашық көтереді. Сол секілді «Алматы қалалық Әкімшілігінің назарына! ҚАЗАҚСТАН СССР-ді САҒЫНБАЙДЫ!», «ҚОҒАМ ШЫНАЙЫ ЕР-АЗАМАТТАРҒА МҰҚТАЖ», «ӨЗБЕК БІЗДЕН ОЗЫП ТҰР», «ҚАЗАҚСТАНДА НЕГЕ АЭС САЛУҒА БОЛМАЙДЫ?!», «КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ҚИҒАШТЫҚТАР ҚАЛАЙ ЕҢСЕРІЛЕДІ?», «ИМАННАН АЛЫСТАУ -АҚЫЛДЫЛЫҚ ЕМЕС» сынды көп-көп турашыл жариялымдары өткір, өзекті тақырыптарды қозғайды. Мысалы «Ең басты арандатушы – билік» деген жазбасында қазақ-дүңген қақтығысын сараптап жазады. Бейбіт күнде бұл қалай болды? Бұл оқиғалардың төркіні неде? Бұған не себеп? Марат Тоқашбай аналитик журналист ретінде осы сұрақтарға жауап іздейді.
«Жақаурататын ештеңесі жоқ, бірден ашығын айтайық, ең басты арандатушы – билік! Бұл неден көрінеді? Бұл алдымен Қазақстан билігінің қазақ халқының мемлекет құраушы құқығы мен міндеттерін аяқасты етуінен көрінеді. Қазақстан Конституциясының еш жерінен осы мемлекеттің қазақ халқыныкі екендігін таба алмайсыз. Мемлекет құраушы ұлттың мәртебесі онан қашқан, мұнан қашқан түрлі ұлт диаспораларының мәртебесіне дейін төмендетіліп тасталған. Егер Ата заңымызда қазақ халқының осы мемлекеттің иесі екендігі, ол осындағы барша ұлт өкілдерінің, диаспоралардың азаматтық құқықтарының сақталуына жауапты екендігі көрсетілсе әлгіндей кемдемсоқтықтықтарға құқықтық негіз тумас еді. Режимнің осындай соқыр саясаты еліміздің ұлтаралық қарым-қатынастарының болашағына о бастан баяу жарылатын «миналар» көміп кетіпті», -деп шындықты жазады.
Конституциядағы мемлекеттік тіл мәртебесі туралы заңды елемейтін мемлекеттік органдарды да сынға алып, осының барлығы сайып келгенде Қазақстанда демократиялық қоғам емес коррупциялық қоғам орнатқанын ашық айтады. Марат Тоқашбай - нағыз ұлтшыл журналист.
Марат Тоқашбайды 1982 жылы Ақселеу Сейдімбеков «Білім және еңбек» журналына қызметке шақырады. Басылымның Сәбетқазы Ақатаев, Мақаш Тәтімов, Марат Сенбин, Мұрат Әуезов сынды тұрақты авторлары жас журналисттің ойын ұштап, алаш қайраткерлері тәрізді ұлтқа жанашыр болуды ұқтырды. Сол жерде ұлтшылдық көзқарасы қалыптасты. Содан болар Марат Тоқашбай шығармашылығының өрлігі, биіктігі әрдайым байқалып тұрады. Журналисттің жазған кітаптыры да барша қазақ халқына мәлім. Отбасылық құндылықтан бастап, Халықаралық мәселеге дейін түйінін шешіп жазған құнды еңбектері қазақ журналистикасының шоқтығын әрдайым биіктетеді.
Марат Тоқашбайдың мектебін көріп өскен журналисттер қазіргі күнде газет журналистикасының майталманы болып жүр. Ал біз ол кісінің мақалаларын оқу арқылы, дәл Марат Байділдаұлы секілді өзімізді « мен ұлтшыл журналистпін» деп мойындай алатын маман болып қалыптасуымыз керек. Марат Тоқашбайдың жастарға, бізге артар сенімі де жоғары. Жұмысымды журналист Марат Тоқашбайдың сөзімен аяқтамақпын.
«Мағжан Жұмабаев «Мен жастарға сенемін» деген ұлы өсиетін бекерге айтқан жоқ. Сондықтан жастарға сену, елдің болашағына сену. Менің қуанатыным, жас журналистер биік деңгейлерге ұмтылады. Әлемдегі әріптестерімен бәсекелескісі келеді. Ол жақсы үрдіс. Әлем терезесін газет арқылы да ашуға болады. Бұл ағылшын тілін меңгергендіктің нәтижесі. Жастар осы бағыттарынан танбаса, күш-қуаттарын еселесе, әлі-ақ газет оқылатын болады».