Шешенстан Республикасының басшысы Рамзан Қадыров қазақстандықтарға арнап тағы да бейнеүндеу жолдады. Бұл жолғы үндеуінде ол алдыңғы «Қазақстанды құтқарған Ресей» атты жазбасына байланысты түсініктеме беріп, «хайп қуғандар» контексттен оның сөздерін жұлып алып қолданғанын тілге тиек етті. Видеоүндеу Қадыровтың Телеграмм-арнасында жарияланды.
«Менің қазақтығым сіздерден де жоғары. Менің әкем Қазақстанда туған, атам Қазақстанда жұмыс істеген. Ата -бабаларым әркез қазақтарға риза болып отыратын және әркез қазақ халқы үшін дұға ететін»,
деді Шешенстан президенті
Сонымен қатар Қадыров алдыңғы жазбасының негізінен саяси жағдайға байланысты айтылғанын, ал жеке Қазақстан халқына ешқандай қатысы жоғын мәлімдеді.
«1944 жылы шешендермен қолындағы соңғы бір үзім нанымен бөліскен қазақ халқы атына сөз келтіруге жол бермеймін. Бұрынғы КСРО халықтарына, яғни беларус, украин тағы басқа халықтарға көзқарасым осындай. Алайда саясатты, саясаткерлерге қатысты жеке пікірімді әр заман тікелей айтып жүрмін»,
- дейді Қадыров.
Естеріңізге салып кетейік, аз уақыт бұрын Шешенстан президенті осыған ұқсас видеоүндеу жариялап, ҰҚШҰ-на (ОДКБ) мүше елдер басшыларының Украинадағы жағдайға байланысты пікірлерін сынға алып, кінә артқан болатын. Оның пайымынша, ұйымға мүше елдер президенттері әлдеқашан Ресейдің Украинадағы арнайы операциясына қатысты пікірлерін мәлімдеуге тиіс еді. Осы үндеуден кейін қазақстандық журналист Сергей Пономарев мыңдаған шешенді құтқарып қалған Қазақстанның рөлін Шешенстан президентінің есіне салған-ды.
«Бұл ел шешендерді бауырына басып, асын бөлісіп, аман қалуына көмектесті. Қазақстанда көптеген шешеннің туыстары жерленген, Дудаевтың әкесі де осы топырақта жатыр. Шешендер әр уақытта қазақтардың осы жақсылығын айтып, Қазақстан мен қазақтарға алғысын білдіріп отырады. Рамзан Ахматовичтің есіне осыны салып, біреуің ескертіңдерші, бәлкім оның ұяты бір сәтке болса да оянып қалар»,
деп түйіндеген еді Пономарев.