Metallica тобының футбол алаңында өткен концерті АҚШ-тың Вирджиния штатында жер сілкінісін туғызды. Концертке шамамен 60 мың көрермен жиналды. Топтың әйгілі Enter Sandman әнін орындауы кезінде, тыңдаушылар музыкаға сай бір ырғақпен секіріп, жер қыртысының қозғалуына себеп болды.
Вирджиния техникалық университетінің сейсмологиялық зертханасы (Virginia Tech, VTSO) сейсмограф арқылы жер қыртысының қозғалысын тіркеді. Ең жоғары сейсмикалық белсенділік дәл осы ән орындалып жатқан кезде байқалған. Сейсмологтар бұл қозғалысты стадионнан 1,5 шақырым қашықтықта орналасқан құралдар арқылы анықтаған.
VTSO директоры Мартин Чепмен жер сілкінісі тым әлсіз болғанын және оны Рихтер шкаласы бойынша өлшеудің мүмкін еместігін атап өтті. Магнитудасы 1-ден төмен болғандықтан, бұл дүмпулерді көрермендер сезбеген.
«Жер сілкінісінің ауқымы 1,0-ден төмен болды. Мұндай дүмпулерді тіпті бір миль қашықтықта да сезінуге болмайды», — деп түсіндірді Чепмен Fox телеарнасына берген сұхбатында.
Бұл оқиға көрермендердің тыңдаушылық тәжірибесіне әсер етпегенімен, сейсмологтар үшін ерекше жағдай болды.