Мохаммед Орфали: «Қонақ жаңа эмоциясыз кетсе — біз ұтылдық»
Orfali Bros-тың бас аспазы және тең құрылтайшысы — тамақтың ортақ тіл ретіндегі рөлі, отбасылық бизнес, ережені бұзу құқығы, дәм жады және мейрамхана жай ғана орын емес, платформаға айналатын Дубай туралы.
Мохаммед Орфали тамақ туралы қолөнер жайлы емес, адамдар ақыры бірін-бірі түсіне бастайтын тіл туралы сөйлеп тұрғандай айтады. Оның мейрамханасында 22 ұлттың өкілдері жұмыс істейді, джаз, хип-хоп және араб электрондық музыкасы шырқалады, ал отбасылық тарих әлдеқашан жай ғана отбасылық мейрамхана форматын еңсерген.
Оның үшін Orfali Bros — табыстың көрмесі де емес, бірге жұмыс істеуге тәуекел еткен ағайындылар туралы ұқыпты бизнес-кейс те емес. Бұл — үйден, асүйден, жадтан, күнделікті әңгімелерден және лауазымдардың артына жасырынбау дағдысынан өніп шыққан шығармашылық платформа. Мұнда иелер командадан бөлініп қалмайды, ережелер тек тірі дүние жасауға кедергі келтірмегенше ғана өмір сүреді, ал дәстүр шыны астында қорғалмайды — бүгін де үн қата алу қабілетімен сыналады.
Біз Орфалимен отбасылық бизнеске романтика емес, бөлінген жауапкершілік неге қажет екені, мейрамханаға не үшін өзінің музыкасы керек екені, Дубай гастрономиясы тым жылдам иерархияға айналатын қалалардан несімен өзгеше және неге кешкі ас қонақтың жеке естелігіне айналуға тиіс екені туралы сөйлестік.
«Біздің үстелімізге қойылғанның бәрі тек бізде ғана өмір сүргені дұрыс».
Сіз бірде тамақ — тіл деген едіңіз. Осы тілде махаббат туралы мойындау қалай естіледі?
Біз үшін бұл сөзбе-сөз қатынас тілі. Біз бауырларыммен тамақ жайлы үйде де, жұмыста да — әрдайым сөйлесеміз. Соның арқылы бірімізді біріміз түсінеміз. Мейрамханада да солай: бізде 22 ұлттың адамдары жұмыс істейді, бәрін дәл осы тамақ біріктіреді. Ол шекараларды өшіреді, өйткені аударманы қажет етпейді.
Көпшілігі отбасыңмен бірге жұмыс істемеген дұрыс дейді. Сіздер басқаша шештіңіздер. Неге?
Бізге де солай деді. Бірақ жүрек керісіншесін сездірді. Ең бастысы — жауапкершілікті бірден бөлісу. Әркім өз бағытына жауапты болуы керек, әйтпесе отбасы бизнеске, бизнес отбасыға кедергі бола бастайды. Біз командадан биік тұратын иелерше әрекет етпейміз. Біз де өзгелер сияқты қарапайым қызметкерлерміз. Бәлкім сондықтан да Orfali Bros әлдеқашан жай ғана отбасылық мейрамхана болудан қалды. Бұл — Дубайдың өзін бейнелейтін шығармашылық платформа.
Сіз жиі «дәстүрге адал қалып, ережелерді бұзу керек» дейсіз. Шек қай жерде?
Егер жаңа дүние жасағың келсе, ережені бұзбай болмайды. Бірақ эпатаж үшін дәстүрді қирару — мағынасыз. Дәстүр тірек болуы керек, тор емес. Біздің үстелімізге қойылғанның бәрі тек бізде ғана өмір сүргені дұрыс. Адам мейрамханадан шыққанда, бұрын-соңды сезбеген бір түйсікті өзімен бірге алып кетуі тиіс.
Демек, мейрамхана жеңіледі деген — тағам түсініксіз қалған сәт емес, із қалдырмаған сәт пе?
Иә. Қонақ жаңа эмоциямен кетуі керек. Ол жай ғана тамақтанып, ұмытып қалса — біз оның өміріне ештеңе қоса алмағанымыз. Біз үшін кешкі ас адамның жеке тарихының бір бөлігіне айналуы маңызды.
Ностальгия — сіздердің басты құралдарыңыздың бірі. Жад неге асүй үшін соншалық маңызды?
Жад — бәрінің іргетасы. Ол бізді анамыздың асүйіне, алғашқы кездесуге, бір кезде тамақ туралы түсінігімізді өзгерткен тағамға қайтарады. Біз осы естеліктерді жаңаларын жасау үшін пайдаланамыз. Егер кешкі ас қонақтың жеке тарихының бір бөлігіне айналса, ол міндетті түрде қайта оралады.
Orfali Bros мейрамханасында джаз да, хип-хоп та, араб электроникасы да ойнайды. Неге мұнша эклектикалық плейлист?
Өйткені бізде ереже жоқ. Оның үстіне, қазір өзіміз музыка жазамыз. Қызметкерлер арасында әншілер, композитор, музыканттар бар. Сондықтан Orfali Bros-та жай ғана плейлист емес — өзіміздің үніміз естіледі.
Сіздердің қонақтарыңыздың арасында Эд Ширан мен Ханс Циммер болды. Қайсысы көбірек есте қалды?
Эд Ширан концерттің тура алдында келді — бұл бірден жаңалыққа айналды. Ханс Циммер бізде екі рет болды, кейін мейрамхананы достарына ұсына бастады. Әрине, бұл жағымды. Бірақ біз үшін кез келген риза қонақ бірдей маңызды. Адамның танымалдығы қонақжайлылық сапасын өзгертпеуі тиіс.
Бүгінде Дубайды әлемнің басты гастрономиялық қалаларының бірі деп атайды. Мұнда мейрамхананың өміршең болуына не көмектеседі?
Michelin жұлдыздары емес. Дубайдың күші — әр алуандылықта. Мұнда бір көшеде жиырма түрлі асүй қатар орналасуы мүмкін. Біз күрделі кезеңдерді еңсердік, тұжырымдаманы қайта құрдық, мейрамхананы жергілікті қауымдастыққа ашығырақ еттік. Қазір бізде үш мейрамхана және тағы бір құпия жоба бар. Осы уақыттың бәрінде біз бірде-бір қызметкерімізді жоғалтпадық.
Неге командаңызды сақтап қалу сіздер үшін соншалық маңызды?
Өйткені мейрамхана — тек мәзір емес. Бұл — күн сайын бірдей сезімді жасайтын адамдар. Интерьерді ауыстыруға болады, тұжырымдаманы қайта жазуға болады, жаңа жоба ашуға болады. Бірақ команданы жоғалтсаң, орынның жады да жоғалады.
Сіздің жұмыс күніңіз қалай өтеді?
Оны бір лауазыммен сипаттау мүмкін емес. Мен зерттеумен, қаржымен, операциялық істермен айналысамын, асүйге кеңес беремін, кейде өзім залға шығамын. Кімге көмек керек болса — сол орынға тұра қаламын. Біз электрондық поштаны дерлік қолданбаймыз. Бәрін жеке шешеміз. Мен үшін командамен қатар болу маңызды.
Демек сіз үшін басқару — қашықтан емес, қасында болу ма?
Дәл солай. Мен адамдарды көруім, естуім, қай жерде көмек керек екенін сезуім керек. Мейрамханада тек хаттармен, кестелермен басқару мүмкін емес. Мұнда бәрі тірідей жүреді.
Соңында бір сұрақ. Өмір бойы тек бір ғана тағам жеуге тура келсе?
Анашим пісірген бірдеңе. Бәлкім, долма немесе Алеппо көшелеріндегі кебаб. Шынымды айтсам, бір тағам өте аз. Тамақ мереке болуы тиіс.
Суреттерді Orfali Bros командасы ұсынды