Үндістандағы ерлі-зайыптылар суррогат ана арқылы немерелі болу үшін қайтыс болған ұлдарының мұздатылған ұрық сынамасын емханадан алу мақсатында сотқа жүгінген.
Дели Жоғарғы сотының маңызды шешімі төрт жылға созылған сот күресінен кейін шықты.
«Біз баламыздан айырылдық. Бірақ сот бізге өте бағалы сыйлық жасады. Енді біз ұлымызды қайтара аламыз», - деді анасы Харбир Каур ВВС-ге.
Каур ханым мен оның күйеуі Гурвиндер Сингх Делидегі Ганга Рам ауруханасы 2020 жылдың желтоқсанынан бастап зертханада сақталған ұлдарының ұрығын беруден бас тартқаннан кейін сотқа жүгінген.
Ерлі-зайыптылардың 30 жастағы ұлы Преет Индер Сингхке 2020 жылдың маусымында Ходжкин емес лимфома диагнозы (қан ісігінің бір түрі) қойылды және емделу үшін ауруханаға жатқызылды.
«Ұлымыз химиотерапияны бастамас бұрын, аурухана оған ұрығын сақтауға кеңес берді, өйткені емдеу ұрықтың сапасына теріс әсер етуі мүмкін еді», - деді Гурвиндер Сингх.
Үйленбеген Преет Индер ұсыныспен келісіп, ұрық сынамасын 2020 жылдың 27 маусымында зертханаға өткізген. Ол сол жылдың қыркүйек айының басында қайтыс болды.
Бірнеше айдан кейін қайғыға батқан ата-ана ұлдарының мұздатылған ұрығына қол жеткізуге тырысқанда, алайда аурухана олардың өтінішін қабылдамады. Енді сотта жеңіске жеткен жасы 60-тан асқан ерлі-зайыптылар ұлдарының ұрық сынамасын пайдаланып туылған кез келген баланы тәрбиелейтіндерін және балаға толық жауапкершілікті өз мойнымызға аламыз деп міндеттеме алған.
Өткен аптадағы өз бұйрығында сот Пратиба Сингх «Үндістан заңы бойынша, егер сперматозоид иесі келісім берген болса, өлгеннен кейін көбеюге тыйым салынбағанын» айтты.
Ол ата-аналардың "ұрықты" алуға құқығы бар екенін айтты, өйткені марқұмның жұбайы немесе балалары болмаған кезде индуизмнің мұрагерлігі туралы заңға сәйкес отбасына табысталады. Ерлі-зайыптылар оның «мұрасын» жалғастырғысы келгендіктен сотқа жүгінген және сот марқұмның фамилиясының жалғасуына көмектесетінін айтады. Қазіргі таңда отбасы суррогат ана қарастырып жатқанын хабарлады.
Судья Сингх өз бұйрығында атап өткендей, бұл мәселе бойынша халықаралық консенсус жоқ.
АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Чехия және кейбір басқа елдер жазбаша келісімімен қайтыс болғаннан кейін көшіруге рұқсат береді. Австралия эмоцияларды реттеуге уақыт беру үшін қайтыс болғаннан кейін бір жылдық күту кезеңін қосымша шарт қояды.
Бұл тәжірибеге Италия, Швеция, Швейцария, Франция, Малайзия, Пәкістан, Венгрия және Словения сияқты бірқатар елдерде тыйым салынған, ал Үндістанның Оңтүстік Азиядағы көршілерінің көпшілігінде - Шри-Ланка, Непал, Бутан және Бангладеште нұсқаулар жоқ.