Netflix өзінің жаңа туристік шоуы үшін қазақ тойын түсіруді жоспарлап отыр. Бұл туралы Алматы туризм бюросының қызметкері Жанар Нұрлыбек Facebook парақшасында хабарлады.

Netflix түсірілім үшін мамыр айында үйленетін қазақ жастарын іздеуде
Фото: pexels

Түсірілімге келісім беруге дайын отбасы және дәстүрлі қазақ тойы қажет. Той мамыр айының соңына дейін өтуі керек.

«Бұл сіздің жұлдызды сәтіңіз! Үйлену үшін ең тамаша ұсыныс, тез арада үйленуге шешім қабылдаңыз!», – деп жазды Жанар Нұрлыбек.

Алматы туристік бюросы Netflix үшін туристік шоуларды түсіруді ұйымдастыруға қажетті ақпаратты ұсынуға көмектеседі. Түсірілім Қырғызстан мен Қазақстанда өтеді. Түсірілімді қазақстандық серіктестермен бірге Қырғызстанның продюсерлік компаниясы ұйымдастырып отыр.

Сондай ақ, Жанар Нұрлыбек бұл шоуды түсіру Қазақстанның бай мәдениеті мен дәстүрін көрсету үшін жақсы мүмкіндік екенін атап өтті.

«Алматы туристік бюросындағы әріптестерім екеуміз Алматыны фильмдер, шоулар, жарнамалар және сән түсірілімдері түсіретін орын ретінде таныту үшін жұмыс істеп жатырмыз», — деп қосты ол.

Алматы туристік бюросы барлығын жобаға қатысуға шақырады және түсірілімді ұйымдастыруға өз көмегін ұсынады.

Поделиться: