Тараптар Қазақстанды Оңтүстік Кореяның жұмысқа орналасуға рұқсат беру жүйесіне енгізу бойынша келіссөздер жүргізді.
Бұл қазақстандықтардың Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмыс табуға мүмкіндік береді, сондай-ақ оларға тең еңбек жағдайлары мен құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Корея Республикасының Еңбек және жұмыспен қамту министрлігі арасындағы келіссөздер онлайн режимінде өтті. Тараптар Қазақстанды Оңтүстік Кореяның жұмысқа орналасуға рұқсат беру жүйесіне енгізу мәселесін талқылады. Бұл қазақстандықтарға Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмыс табуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ қазақстандықтарға тең еңбек жағдайлары жасалып, құқықтары қорғалатын болады.
Кездесуге ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев, Халықаралық ынтымақтастық және интеграция департаментінің директоры және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің директорының орынбасары Саадат Асансейітова қатысты.
Әріптестер Қазақстанда EPS орталығын ашу мүмкіндігін талқылап, еңбек көші-қоны аясында екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екендіктерін жеткізді.