ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Оңтүстік Кореядағы қазақстандықтардың қашу оқиғасының мән-жайын айтты.
«Өздеріңізге белгілі, 2023 жылдың 24 наурызында Инчхон әуежайында паспорттық бақылау кезінде Ташкент қаласынан келген екі Қазақстан азаматына Оңтүстік Корея Республикасына кіруге тыйым салынған. Олар депортацияны күту үшін арнайы бөлімшеден түнде шығып кетіп, Оңтүстік Корея аумағына заңсыз кірген», - деді Смадияров.
Оның айтуынша, бір қазақстандық 26 наурызда ұсталған, екіншісі 29 наурызда құрықталған.
"Қазір екеуі де Инчхонның көші-қон орталығында, тергеу изоляторында. Оңтүстік Корея заңнамасына сәйкес тергеу шаралары 3 айға дейін созылуы мүмкін, содан кейін іс прокуратураға беріледі. Олар өзге елдің заңын бұзды. Сондықтан Кореяның заңдары бойынша жазаланады. Бұл жағдайда депортация туралы айта алмаймыз: бұл шет мемлекеттің заңдарын өрескел бұзу болып табылады. Қазір оларды қайтару мүмкін болмай тұр», - деді Смадияров.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, бұл азаматтар Оңтүстік Корея заңнамасын үш рет бұзды деп айыпталып отыр.
"Біріншісі - көші-қонды бақылау туралы заңнаманы бұзу, елге заңсыз кіру. Екіншісі - көші-қонды бақылау туралы заңнаманы бұзу, елде заңсыз болу. Үшіншісі - әуежай нысандары мен оның заңнамасын бұзу, материалдық шығын келтіру», - деді Смадияров.
Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы елшілігі жергілікті құқық қорғау органдарымен және азаматтардың туыстарымен тұрақты байланыста екені хабарланды.
Ол Оңтүстік Кореяда Қазақстан азаматтарының жаппай жұмыстан босатылғаны туралы тараған ақпарат шындыққа жанаспайтынын айтты.
«Бұл оқиға ресми түрде жұмыс істейтін Қазақстан азаматтарына әсер еткен жоқ», - деп қорытындылады СІМ өкілі.
Еске салайық, 28 наурызда Қазақстанның депортацияланған екі азаматы Оңтүстік Кореяға қашып кеткен болатын. Желі қолданушылары жексенбі күні таңғы сағат 4.20 шамасында 21 және 18 жастағы екі қазақстандықтың депортацияланатын рейсті күтіп тұрғанда Инчхон әуежайының ұшу-қону жолағы жанындағы қоршаудан асып, қашып кеткенін хабарлады.
Кейінірек жергілікті полиция қызметкерлері қазақстандықтардың бірін ұстаған. Оңтүстік Кореяда екінші қашып кеткен қазақстандықты қолға түсіргені үшін 30 миллион вон (10 миллион теңгеден астам) сыйақы ұсынылды.
Белгілі болғандай, қазақстандық Нарзуллаев Умиджан Деджон қаласында орналасқан дүкенде телефонын қуаттап жатқан жерінде құқық қорғау органдары қамауға алған. Ал, іздеуде жүрген екінші Қазақстан азаматы қашып кеткеннен кейін 3 күннен кейін Сеулдің көші-қон қызметіне өз еркімен тапсырылды.