Оңтүстік Корея арнайы жаңа жылдық рақымшылық жариялады, оған сәйкес 1373 адам босатылады.
Билік бұрынғы президент Ли Мен Бак пен Кёнсаннамдо провинциясының бұрынғы губернаторы Ким Кын Суды қосқанда тоғыз саясаткерге рақымшылық жасады. Рақымшылық жасауға құқығы бар бұрынғы үкімет шенеуніктері арасында президенттің бұрынғы хатшысы Ким Ги Чунг, бұрынғы вице-премьер, жоспарлау және қаржы министрі Чой Кын Хван, Ұлттық барлау қызметінің бұрынғы басшылары Нам Чжэ Джун, Ли Бён Ги, Ли Бён Хо және Вон Се-хун бар. Бірақ бұл тізімге бизнес-қауымдастықтың ірі өкілдері кірген жоқ.
Бұл Юн Сок Ёл әкімшілігі билікке келгеннен бергі екінші рақымшылық. Біріншісі Кореяның жапон отаршылдығынан азат етілгеніне 77 жыл толуына орай өткізілді. Үкіметтегі ерекше жаңа жылдық рақымшылықтың мақсаттары халық бірлігіне қол жеткізу, сондай-ақ бұрын сотталған саясаткерлер мен мемлекеттік қызметшілерге ел дамуына үлес қосуға екінші мүмкіндік беру болды.
Экс-президент не үшін сотталды? Синьхуа агенттігінің хабарлауынша, 2018 жылдың сәуірінде Оңтүстік Кореяның прокуратурасы бұрынғы президент Ли Мен Бакқа қарсы жемқорлық және басқа да көптеген айыптар бойынша қылмыстық іс қозғаған. Сол жылдың қазан айында Сеул орталық аудандық соты оны 15 жылға бас бостандығынан айыруға және 13 миллиард вон айыппұл төлеуге үкім шығарды. Ли Мён Бак сот шешімін мойындамай, аппеляциялық шағым түсірген.
Екінші сот отырысында сот Ли Мен Бактың өзіне тиесілі DAS компаниясынан 25,2 миллиард вонды жымқырғанын, сонымен қатар Samsung компаниясынан 8,9 миллиард оңтүстіккореялық вон көлемінде пара алғанын анықтады. Сот Ли Мен Бактың Ұлттық барлау қызметінен, парламент депутаттарынан және басқа да адамдар мен ұйымдардан әртүрлі мөлшерде пара алғанын анықтады. Судьялар пара мен жымқыру деп есептеген қаражаттың жалпы сомасы бірінші сот отырысымен салыстырғанда өскендіктен, соңғы үкім қатаңырақ болып шықты.
2020 жылы Сеул Жоғарғы соты Ли Мен Бакты пара алғаны және жымқырғаны үшін 17 жылға бас бостандығынан айыруға, сондай-ақ 13 миллиард вон айыппұл төлеуге үкім шығарды. Рақымшылық оның жазасын 15 жылға қысқартты және жалпы сомасы 8,2 миллиард вон болатын айыппұлдың қалдығын төлеу міндетін алып тастады.
2021 жылдың желтоқсанында Оңтүстік Корея бұрынғы президент Пак Кын Хэге рақымшылық жасады, ол жемқорлық үшін 22 жылға сотталған болатын.