Car News China хабарлауынша, жергілікті C-NCAP әдістемесі бойынша жүргізілген краш-тест нәтижесінде Xiaomi SU7 бес жұлдыз алды, қауіпсіздік бойынша орташа бағасы 93,5 пайызды құрады. Бұл 2024 жылғы стандарт бойынша тексерілген автокөліктердің орташа көрсеткішінен 8,7 пайызға жоғары. Xiaomi тестілеу үшін анонимді түрде сатып алынды, бағасы — 299 900 юань (шамамен 21 миллион теңге).
Ең жоғары бағаны SU7 «Жүргізуші мен жолаушылардың қорғанысы» санатында алды — 94,31 пайыз. Жүргізуші көмек жүйелері 92,25 пайызды жинады: сарапшылар автоматты төтенше тежеу жүйесін және жарықтандыру құралдарының жұмысын жоғары бағалады.
Жаяу жүргіншілер қауіпсіздігі санатында SU7 90,42 пайызды жинады — бұл орташа көрсеткіштен 13,14 пайызға жоғары. Краш-тестті Қытай автомобиль технологиялары мен зерттеу орталығы (CATARC) ұйымдастырды.
SU7 — Xiaomi компаниясының алғашқы автокөлігі. Бұл алты метрлік корпусы және үш метрлік доңғалақ базасы бар седан. Standard және Pro нұсқаларында артқы осьте бір электромотор орнатылған, ал Max нұсқасы 664 ат күшімен мақтана алады. 101 киловатт-сағат сыйымдылығы бар батарея бір зарядпен 800 километрге дейін жүре алады.