ХХІ ғасыр – ақпараттық бәсеке, бітіспес идеологиялық күрес ғасырына айналды. Осындай өрістің өзінде Қазақ елінің байрақты бейнесін әспеттей әуелетер қазақ газет-журналдарының орны бөлек! Бүгінгідей ақпарат шеруі әлемді шарпыған шақта еліміздің идеологиялық мақсат-мұратын, ұлттық асыл қазыналарын сақтап қалу, халықтық қалыпты негіздету жолында қағаз бетіне басылған құнды сөздің қарымы өткір.
Еліміз бойынша барлығы 204 республикалық және 521 аймақтық газет жазылым бойынша таратылады. Республикалық газеттердің үздік бестігіне «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Ана тілі», «Казахстанская правда» және «Ұйғыр авази» басылымдары кірсе, ал аймақтық көшбасшылар арасында – «Жетісу», «Ақтөбе», «Огни Алатау», «Аq Jol», «Южный Казахстан» газеттері бар. Жазылудың жалпы көлеміндегі республикалық басылымдардың үлесі 45%-ды, өңірлік басылымдардың үлесі 54%-ды құрайды. Тираждың 1% халықаралық мерзімді басылымдарға тиесілі.
Аймақтық үздік басылымдар «Жетісу» мен «Огни Алатау» газеттері теңдей құрдас тарихқа ие. Халықтың бірлігі мен ынтымағының, татулық пен қоғамдық келісімнің нығаюына белсенді қызмет етіп келе жатқан «аға газеттер» осы мәртебелі биік белеске шығу жолында ғасырлық жол жүріп өтті.
«Жетісу» - Алматы облыстық қоғамдық-саяси газет. Алғашқы нөмірі 1918 жылы 21 маусымда «Жетісу ісші халық мұхбыры» деген атпен барлығы 41 нөмірі жарық көрді. Сол жылдың желтоқсанынан «Көмек» деп атауын өзгерткен дербес қазақ газеті аптасына екі рет шыға бастады. Ол алғаш 1500 дана болып жарық көріп, тегін таратылды. 1920 жылы 4 қаңтардан бастап «Ұшқын», 1 қарашадан «Бұқара» деп аталды. 1921 жылы наурыз айына дейін ұйғыр тілінде шығарылған «Бұқара» газетіне Исмайыл Тайыров редактор болып, оның 17 нөмірі жарық көрді. Соңынан Х. Абдуллин редакторлық еткен «Кедей еркі» газетіні 25 нөмірі шығып, ол 1922 жылдың 18 тамызынан «Тілші» газеті болып өзгерді. Алғашқы редакторы – Сәдуақас Оспанов. 1929 жылдың соңында «Еңбекші қазақ» газетіне қосылды. Облыста 1934-54 жылдар «Сталин жолы» деп шығып, 54-жылдан 63-жылға дейін «Коммунизм таңы» деп аталды. Ал 1963 жылғы сәуірде бүгінге дейінгі тұрақты атауы «Жетісу» берілді. Газет атауы сан мәрте өзгерсе де халыққа айтар үні, бағыты өзгерген жоқ. Ғасырға жуық тарихында газет тізгінін ұстағандар қатарында алғашқы редакторы Сабыржан Шәкіржановтан бастап Біләл Сүлеев, Шамғали Сарыбаев, Сара Есова, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Әбділда Тәжібаев сынды алыптар болды. Бұл басылымда Мамадияр Жақыпов, Баймолда Мусин, Жақыпжан Нұрғожаев сынды қайраткерлердің қолтаңбасы да бар. «Жетісуды» қазір ақын-жазушы Әміре Әрін біліктілікпен басқарып келеді. «Жетісу» газеті қазір Алматы облысы әкімдігінің органы ретінде жарық көруде. 2002 жылы облыс орталығының көшуіне байланысты Алматыдан Талдықорған қаласына, бұрынғы «Жер ұйық» газетінің мекен-жайына қоныс аударды.
Қашан да Жетісудың үні бола бірген «Огни Алатау» газетінің де тарихы тереңде жатыр. «Жетісу» секілді Алматы облысның қоғамдық-саяси өмірін қағазға өрбітетін «Огни Алатаудың» алғашқы саны 1870 жылы шілде айында «Публикации по Семиреченской области» деген атпен шыққан. 1884 жылы «Семиреченские областные ведомсти» деп аталды. 1918 жылы 8 наурыздан «Заря свободы», кейін «Вестник Семиреченского трудового народа», «Правда», «Джетысуйская правда», «Джетысуйская искра», «Социалистическая Алма-Ата», «Алма-Атинская правда», «Семиречье» деген атаулармен жарық көрді. Ал бүгінге дейін өзгермеген «Огни Алатау» атауымен 1963 жылдан бері шығып келеді. «Огни Алатаудың» шыға бастағанына 50 жыл толуына байланысты «Еңібек Қызық Ту» орденімен марапатталды, ал 2018 жылы «Жетісу» мен «Огни Алатау» 100 жылдық мерейтойын атап өткен еді. Газеттің ғасырға жуық тарихында басылымды газеттің алғашқы редакторы Рудольф Маречектен бастап, есімдері елге танымал бірқатар ұлағатты тұлғалар басқарды. Вениамин Ларин, Федор Боярский, Надежда Вержбицкая, Надежда Гарифуллина, Геннадий Толмачев, Валерий Оверко сынды бас редакторлардың жемісті жолын қазір қарымды қаламгер Атсалим Идигов жалғастырып келеді.
«Жетісу» мен «Огни Алатау» ғасыр бойы билік пен бұқара арасында алтын көпір болды. Бұл екеуінде ел мен жердің, тұтас өлкенің жылнамалық шежіресі жазылды. Екі газет те бүгіндері «Өлке тынысы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарайды. Аймақтық рухани қазына «қос газеттің» бүгінгі жағдайы қандай?
Қазіргі дамыған заманда телефонға телмірген санаға азық болар қарымды сөзді ғаламторға салмаса болмайтыны рас. Аймақтық екі газеттің арнайы ақпараттық порталы жұмыс істеп тұр. Заманнның талабына сай әлеуметтік желілерде де жұмысын жасауда. Әрине, электронды басылымдарға көшу –қазақстандық статистиканы растайтын жалпы әлемдік тренд екенін түсінікті.
«Огни Алатау» мен «Жетісу» газетінің басты айырмашылығы – екі тілде шығуы. Орыс тілді тілшілердің ақпарат алаңына айналған «Огни Алатау» қазақтың беделін «Жетісудан» кем қорғамайды. Қазақ деп күйген орыс тілді басылым қоғам мен саясатты, тіл мен рухани жаңғыруды жаңғырта жазады. Таралу тиражы «Жетісудан» аз болса да өзіндік қалыптасқан оқырманы бар. Қайда барса да жұбы жазылмайтын «аға газеттер» қоғам, саясат, экономика, рухани жаңғыру, мәдениет, өнер-білім жайында қалам тербейді. Қазіргі таңда «Огни Алатауда» Мұрат Туғанбай, Татьяна Козловских, Жамиля Атибаева, Атсалим Идигов сынды қаламды тілшілер жұмыс істейді. Ал «Жетісу» өзінің Қажет Андас, Ришад Тұрғанбаев және тағы да басқа жас-жалынды тілшілерімен мақтана алады. Қос газетті қанша салыстырсаң да артық-кемі жоқ. Алайда көкейді тескен бір сұрақ бар. Жарықтың кішкене сәулесіндей жұрт жүрегіне сенім отын жағып, «қазақ» атын, тілін, дінін сақтауда күзетке тұрған, тарихымыздың көзі саналатын бұл газеттердің бағасын қазіргі жастар біле ме?
Жүргізілген онлайн сауалнамаға сәйкес Алматы облысының жастарының 45 пайызы газет оқымайды. Ал «Огни Алатау» газетін мүлдем білмейтіндер 75 пайыз болса, «Жетісу» газетін білмейтіндер 25пайызды құрайды. Бұл өте нашар көрсеткіш. Елімізде ата-бабаларымыздың қаламының бояуы сіңген газет-журналдарымыздың қадірін білетін ұрпақ шамалы екен. Ұялы телефон мен әлеуметтік желінің құрсауына шырмалған жастардың газетпен жұмысы да жоқ. Туған өлкесіні бар жетістігі, жағдайы жарияланатын газетті оқымай, желіден шет елдің қызығы мен қиындығын көріп, мәз болғанына не дейміз?
Ұлтымыздың ұлы ойшылы Шәкәрім Құдайбердіұлының ең алғаш «Қазақ» газетінің жарық көруіне байланысты жазған өлең жолдарында:
«Үміті Орынбордан бала туды,
Қолына жарық сәуле ала туды.
Мақсаты қараңғыда жүрген жұртын,
Ойлайды тура жолға қаратуды»,- деген үмітпен өмірге келген «газет» деген құндылықтың қадірі байқалады.
«Кез келдің заманында журнал «Айқап»,
Білгендей шөлдегенін жұрттың байқап.
Жасағын ұзағынан сүйіндіріп,
Кетсе екен Еділ, Жайық – бәрін шайқап», - деген Б. Құсайынов ақынның жолдарынан-ақ зиялылардың жүрегін ақтарып тұрғандаймыз. Жүрекжарды қуанышты тілегі, ақынның шаттығы анық байқалып тұр.
Әріден тартсақ, қазақ даласындағы баспасөз қарлығаштары «Түркістан уәлаятының газеті» және «Дала уәлаятының газеті», «Айқап» пен «Қазақ» газеттері болды. Тегінде қазақ баспасөзі туралы әңгіме өрбіген тұстарда жоғарыдағы басылымдардан кейінгі бедерде «Жетісу» мен «Огни Алатау» газеттері алдымен ауызға алынады. Бұл қос газетті «қазақ» деп өмірден өткен зиялы қауымнан қалған «көз» десек артық айтқандық емес.