Дамас Гисимба 61 жасында қайтыс болды.
Гисимба мен оның ағасы басқарған балалар үйі 800 мың руандалықтың өмірін қиған геноцид кезінде қасиетті орынға айналды.
1994 жылы Гисимба мен оның ағасы Руанда астанасы Кигалиде ата-анасы құрған балалар үйін басқарды.
6 сәуірде Руанда президенті Жувенал Хабьяримана мінген ұшақ атып түсіріліп, оның өліміне тутси көтерілісшілері кінәлі деп танылды. Бірнеше сағаттың ішінде Кигали жол тосқауылдарымен қоршалып, хуту күштерінің тутси отбасыларын қыру басталды. Келесі күні адамдар баспана іздеп, жан-жаққа қашты.
Келесі үш айда Гисимба шатырда, жертөледе және бөлмелерде жасырынған 400-ден астам балалар мен ересектерді паналатты.
"Отбасымыздың бүгінгі өмір сүруіне Дамас Гисимба себеп болды. 1994 жылғы қырғын кезінде біз балалар үйінің жанында тұрдық. Ол біздің отбасымызды қабылдады - ол біздің өмірімізді сақтап қалды", - дейді 33 жастағы сәнгер Соня Мугабо.
Ол Қызыл Крест сәлемдемелерімен адамдарды бірнеше ай бойы тірі қалдырды және балалар үйінің аман қалуы туралы жасақшылармен келіссөздер жүргізді. Гисимба балалар үйінің жанындағы бейіттен әрең тірі қалған екі әйелді алып шыққан.
Қырғыннан кейін ата-анасынан айырылған балалар балалар үйіне көмек іздеп келуді жалғастырды. Гисимба қаржылық қиындықтарға қарамастан оларға қамқорлық жасап, барлығының тамақтанып, мектепке баруын қамтамасыз етті.
Гисимба бұған дейін геноцид кезіндегі әрекеттері үшін президенттік Умуринзи (қорғаушы) орденімен марапатталған болатын.
Гисимба өмірінің соңғы жылдарын гипертония және бүйрек ауруларымен өткізді. Ол өткен жексенбіде Кигалидегі үйінде қайтыс болды.