Сол жақ білезік үшін шайқас: Ulysse Nardin және Girard-Perregaux CEO-сы — сағаттардың өзектілігі туралы

Патрик Пруньомен сұхбат


Фото брендтің баспасөз қызметі ұсынды
Фото брендтің баспасөз қызметі ұсынды

1970-жылдардың еркін дәуірі. Бес-алты жастағы Патрик Пруньо әкесінен өміріндегі алғашқы қолсағатын сыйға алады. Бала сүйсінді — ол сәтте, әрине, тетігі мен жұмыс істеу қағидатына емес, мүлде басқаға: циферблатта ковбой бейнеленген еді. Ұсақ-түйек сияқты, бірақ осы оқиға қазіргі сағат индустриясындағы ең қызық өмірбаяндардың бірінің басында тұр. Жылдар өте Пруньо тәуелсіз сағат мануфактураларын біріктірген алғашқы альянс — Швейцарияның қос көне мануфактурасы Girard-Perregaux пен Ulysse Nardin-ды қамтитын Sowind Group-тың тең иесі әрі CEO-сы атанды. Бұған дейін ол премиум және люкс сегменттегі жетекші компаниялар мен топтарда, соның ішінде Guinness пен LVMH-де жұмыс істеп, Apple Watch жобасын іске қосуға да қатысқан.

Сол жақ білезік үшін шайқас

2026 жылы Ulysse Nardin оның басшылығымен бірден екі мерейтойды атап өтеді — брендтің 180 жылдығы мен заманауи сағат өнеріндегі ең ерекше әрі культтік үлгілердің бірі Freak-тің 25 жылдығын. Мереке ауқымды өтті: Watches and Wonders көрмесінде компания ширек ғасыр бойғы коллекцияның негізгі инновацияларын тоғыстырған әрі тек уақыт көрсеткішіне ие сағаттар тарихындағы ең күрделі модельдердің біріне үміткер Ulysse Nardin [Super] Freak-ті таныстырды. Esquire Kazakhstan Патрик Пруньомен «сол жақ білезік үшін шайқас» және адамдардың әлі де тарихы бар заттарға неге ақша төлеуге дайын екені туралы әңгімелесті.

Алғашқы сағаттарыңыз — әлгі, ковбой бейнеленген — сіз әлі кішкентай кезде әкеңіз сыйлаған еді. Ең қатты әсер қалдырғаны не болды: тетік пе, әлде сурет пе?

Әрине, сурет. Маған бес-алты жас еді, циферблаттағы ковбой да, сағатты білекте тағу фактісінің өзі де мені таңғалдырды. Ересек кезде оларды ата-анамның үйінен іздеп көрдім. Әзірге табылмады, бірақ олардың қайда жатқаны есімде. Ұлыма қазір сегізде. Үш жыл бұрын, әкем секілді, мен де оған сағат сыйладым — кварцты. Және мен үшін бұл да дерлік символ екенін көремін: сағат тағу — мақтануға себеп.

Карьераңызды сағаттан емес, алкоголь бизнесінен бастадыңыз.

Менің алғашқы жұмысым сыра саласында болды: Guinness-те істедім, Африкаға көп сапарладым. Сол кезде маркетинг бойынша алғашқы сабағымды алдым. Тұтынушылар туралы бастықпен әңгіме қозғадым, ол: «Патрик, мен ешқандай тұтынушыларды білмеймін. Мен ішетін адамдарды білемін», — деді. Мәселені осылай қарасаң, өніммен қатар оның айналасында не болып жатқаны туралы да ойлайсың. Көпшілік үшін сыра бір жағымды нәрсемен байланысты. Оны тек шөлді басу үшін ішпейді: бұл — қарым-қатынас, демалыс, көңіл күй. Бұл түсінік мен үшін люкс әлеміне өзінше қақпа болды. Люкс заттың ішкі құны жоғары, бірақ оның төңірегіндегі ореол одан да күшті: ол адамға базалық қажеттілікті өтеуден әлдеқайда көп нәрсе береді. Әрине, Guinness — люкс емес, бірақ брендтің сапасы жоғары, мінезі өте өнегелі.a0

Қазір түсінемін: мені әрдайым физикалық заттар тартып келген. Маған зат жасап, соны сату ұнайды — қызмет емес. Қаржы саласына ауысу мүмкіндігім болды, бірақ қаламадым.

LVMH-тегі тәжірибе не қосты?

Онда мен шарап пен крепкий алкоголь — шампан, коньякпен айналыстым. Сол жерде бір қызық нәрсені ұқтым: алкоголь — люкс әлеміне өте қолжетімді кіреберіс бола алады. Шампан әлеміне $10–15-қа енуге болады: жақсы мейрамханада немесе қонақүйде бір бокалдың құны осы шамада. Тіпті $20 делік — аз емес, бірақ көпшілікке қолжетімді. Осыдан кейін адам белгілі бір әлемнің ішіне енеді. Хош иіс пен косметика да солай жұмыс істейді: Chanel ерін бояуын сатып алған сәтте-ақ люкс әлеміне тиістісіз. Салыстыру үшін: біздің қолсағаттар шамамен $15 мыңнан басталады. Қымбат сағатқа не зергерлікке ақша бәрінде бола бермейді, бірақ люкспен танысуды әлдеқайда кіші сөлкебимен бастауға болады. Бұл — өзінше бір білім.

Сағат әлемінде мұндай кіреберіс жоқ па?

Біз ондай жасамаймыз: екі брендіміз де жоғары сағат өнері сегментінде жұмыс істейді. Бірақ кейбір маркалар өзінше бір баспалдақ құрады — мазмұны мен тарихы бар, қолжетімділеу премиум өнім ұсынады. Адам функциядан үлкендеу нәрсені сатып алады, санатты түсіне бастайды да біртіндеп жоғары көтеріледі — біз тұрған деңгейге.

Қандай әдемі болса да, мен мықты сенемін: функционалдық әрқашан бірінші орында тұруы тиіс. Бұл туралы ешкім айтпайды, бірақ шындық сол. Екі брендімізде де біз сағаттың ең алдымен өз функциясын орындауына қатаң қадағалаймыз. Мәселе тек дизайн мен сторителлингте емес: алдымен осы белгі қою керек, содан кейін барып шеберлік, бірегейлік, танылатын бейне мен хабар келеді.

Бір кезде сіз TAG Heuer-де жұмыс істеп, кейін Apple-ге — алғашқы Apple Watch-ты іске қосқан командаға бардыңыз. Бұған толығырақ тоқталсаңыз.

Кетерде өзге брендтердегі бірнеше досыма қоңырау шалдым, олардың көбі: «О, демек сен индустрияны ауыстырып жатырсың», — деді. Мен ондай ойда болмадым. Бәрі оны қаншалық кең анықтайтыныңызға байланысты. Егер тек швейцариялық механикалық сағаттар туралы айтсақ — иә, ауыстырдым. Бірақ кеңірек қарасақ, адамда екі білезік бар, ал «сол жақ білезік» деп аталатын орын үшін нағыз шайқас жүруде. Осы тұрғыдан мен сол индустрияда қалдым.

Жалпы, Apple өнім жасауда өте ақылды тәсіл ұстанады. Мен келгенге дейін-ақ компанияда мықты команда болды, соның ішінде өнімдік те, бірақ соған қарамастан сырттан — люкстың түрлі сегменттерінен де — мамандарды тартты. Дәстүрлі сағат индустриясынан тікелей келген жалғыз адам мен едім. Міне, Apple-дің мәні де осында: компания әлемге өз өнімінің призмасымен ғана емес, әлдеқайда кеңірек қарай біледі. Және әртүрлі салалардан сараптаманы белсенді жинайды. Бәлкім, Apple бұл адамдардың білімін қалай қолданарын алдын ала әрдайым біле бермейтін шығар, бірақ оның сөзсіз қажет болатынын түсінеді.

Айтпақшы, бүгін Sowind Group-та біз де солай әрекет етеміз: бізде сағат индустриясынан келгендер де, сырттан келгендер де жұмыс істейді. Кейде адамның компанияға не әкелетінін алдын ала білмейсің, бірақ оның жаңа бір нәрсе болуы мүмкін екенін түсінесің. Және тәуекел ету керек.

Сол жақ білезікке лайық нәрсені жасаудың екі жолы бар: үнемі жаңарып тұратын гаджет немесе мұраға қалдыруға болатын сағат. Сізге қайсысы жақын?

Әрине, екіншісі. Бірақ бұл Apple Watch еңбегін еш кемітпейді. Бұл мүлдем сағат па? Білмеймін. Мен үшін бұл — ақпараттық құрылғы, тек ол классикалық сағат секілді білекте сол орынды алады. Сонымен қатар мен әлі де Apple Watch сағат индустриясы үшін үлкен іс тындырды деп есептеймін: олар бұрын ештеңе тақпаған ондаған миллион адамның сол жақ білезігін «киіндірді».

Дегенмен мен бұл құрылғыларды классикалық сағаттармен салыстырмас едім. Біріншісінде эмоциясы шамалы технология аласың, екіншісінде — қолөнер, тарих пен эмоция. Осы себептердің бірі менің түптің-түбінде классикалық сағат ісіне қайта оралуыма түрткі болды. Маған Apple-де жұмыс істеу өте ұнады: Apple Watch іске қосылған соң маған компанияның Ұлыбритания мен Ирландиядағы барлық өнімдері бойынша бизнесін басқаруды ұсынды. Бірақ маған Ulysse Nardin-ды басқаруды ұсынған кезде (Пруньо серіктестерімен брендті сатып алудан бұрын — Esquire ескертп.), мен: міне, айналысқым келетіні осы дедім. Маған ұнайтыны — біз металл кесегінен бастап, ғасырлар бойы жинақталған білім мен шеберлікті соның бойына сіңіреміз. Оған дерлік жан, идея, өмір үрлейміз — әрі эмоция сыйлайтын зат жасаймыз.

Ulysse Nardin — бір жағынан, 180 жылдық тарих, екінші жағынан — батыл заманауи инженерия. Брендтің ең жарқын үлгілерінің бірі Freak-ке биыл 25 жыл толды. Екі ұстанымды қатар ұстау қиын ба?

Өте оңай, өйткені ұстаным біреу-ақ. Ulysse Nardin-ға 180 жыл, ол сағат брендтері арасындағы ең көне ондықтың қатарында. Оның бүкіл тарихы — модельдерінен де, сағатшылар буындарынан да — технологияға деген құштарлықпен өріледі. Сағат бәйгелеріндегі жеңістер саны бойынша бұл, сірә, ең атақты бренд.

Freak — 1990-жылдардың соңында заманауи сағат өнерін қайта анықтаған санаулы үлгілердің бірі. Бірақ Freak 180 жылдық мұра мен Ulysse Nardin-ды құрайтын жаңашыл рухсыз өмірге келмес еді: оған 1980–1990-жылдардағы астрономиялық сағаттардағы ғаламат инновациялар алғышарт болды. Әуелі теңіз хронометрлері, сосын астрономиялық сағаттар, кейін Freak — бұл бір тарихтың әртүрлі тараулары ғана.

Ulysse Nardin мен Girard-Perregaux қайтадан қалай тәуелсіз болды?

Мен CEO едім, иелері маған алдын ала брендтерді сатуға шешім қабылдағанын хабарлады (2022 жылға дейін оларды француздың Kering люкс-конгломераты иеленген — Esquire ескертп.). Мен бірден оларды сатып алғым келетінін айттым. Бұл — жария компания, бәрі өте ашық өтті: мені байқау, сауда болатыны туралы ескертті. Ақыры біз серіктестеріммен екі брендті де сатып ала алдық. Бұл — өмірімдегі ең оңай шешім болды: ішкі түйсігіңмен бір сәтте қабылдайтын шешім. Girard-Perregaux-қа 235 жыл, Ulysse Nardin-ға — 180, және ойлап қараңыз: өмірінің 98%-ында олар тәуелсіз болды. Мұнда да қызыл жіп бар: Ulysse Nardin-де — Нардэн әулетінің бес буыны және үш буын кәсіпкер, мен — үшіншісімін. Girard-Perregaux әр кезеңде бірнеше отбасының иелігінде болды, CEO әрдайым иесінің өзі еді.a0

Бүгін біз бізге дейін жасалған істі жалғастырамыз: ұзақ перспективаға берік іргетас қалаймыз және брендтердің өз болмысына айналуына көмектесеміз. Біз көп саяхаттайтын әрі өзімізге қымбаттың бәрін қасына алып жүре алмайтын әлемде сағат — әрдайым жаныңда болатын жалғыз зат. Ол сіз туралы көп нәрсе айтады — өзіңізге де, айналаңызға да. Бұл мәртебе символынан әлдеқайда көп.

Мен мықты сенемін: бүгін адамдарға заттар сұлулығы үшін ғана емес, мағынасы үшін де керек. Бұрынғыдан бетер бізге мәні бар заттар және сенуге болатын уәде қажет. Әсіресе қазір, біз тәуелсіз болған кезде, біздің уәдеміз өте адал деп санаймын. Біздің сағаттар философияны бейнелейді: құндылығы мықты ұсыныс, қызықты оқиға және ғасырлар тәжірибесі жинақталған, сонымен бірге бүгінге аса сай өнім.

Cookie Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше