Құтқарушылар суға кеткен 10-шы адамның мәйітін тапқанын хабарлады. Қазір соңғы құрбанды іздеу жұмыстары жүріп жатыр.
Іздестіріліп жатқан соңғы марқұм қыз бала болу керек. Бұған дейін Түркістан облысының әкімдігі қайғылы оқиғаның мән-жайын айтқан болатын.
Марқұмдар құдалықтан кейін келесі күні Дарияның жағасында демалуды шешкен. Ол жер пикникке шығатын жер емес, суы терең. Олар суға түсу үшін келмеген, себебі онда суға түсетін жер жоқ. Ол жағада негізінен барлығы балық аулауға барады екен. Жақын маңайдағы адамдар айқайды естіп жүгіріп келген. Олар жетем дегенше тым кеш еді. Куәгерлердің айтуынша баланың жылаған дауысын естіп, барлығы көмектесуге жүгірген. Артынша балақайлар да көмектесу үшін суға секірген. Қаза тапқан он бір адамның сегізі кәмелет жасқа толмаған балалар. Бірін-бірі құтқарам деп барлығы суға кетіп қалған. Басқа адамдар жүгіріп келмегенде демалуға келген жиырма адам да суға кететін еді. Марқұмдардың барлығы бір әулеттің мүшелері.
Суға кеткендердің мәйітін іздеуге Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаменті ғана емес, Шымкент қаласы да қосылды.
Еске салайық, кеше Сырдария өзенінде 11 адам қайғылы қазаға ұшыраған болатын. Олардың барлығы бір әулеттің өкілдері.