Түркиядағы жер сілкінісінен кейін жетім қалған балаларды шетелдіктерге асырап алуға рұқсат берілмейді


Түркия Республикасының Елшісі табиғи апат салдарынан жетім қалған балалар туыстарының отбасына берілетінін түсіндірді.

Түркияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Уфук Экижи Түркия жер сілкінісі кезінде жетім қалған балаларды шетел азаматтарына асырап алуға рұқсат бермейтінін айтты.

Оның айтуынша, шетелдіктер жетім түрік балаларын асырап алуға дайын екендігі туралы шетелдік БАҚ-та көптеген ақпарат пайда болды. Елші жетім балалар қазір мемлекет бақылауында екенін атап өтті.

«Қайғылы оқиғадан кейін 1858 бала патронаттық тәрбиеге берілді. 200 баланың жеке басы мен құжаттары әлі анықталған жоқ. Қазір бұл балалардың жеке басын анықтау, құжаттарын қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Оларға психологиялық көмек көрсетіледі. Бұл балалар басқа елдерге асырап алуға жіберілмейді. Олар Түркиядағы туыстарының отбасына орналастырылады», - деді елші Астанада өткен брифинг барысында.

Соңғы мәліметтерге қарағанда, Түркияның Кахраманмараш, Газиантеп, Шанлыурфа, Диярбакыр, Адана, Адияман, Османие, Хатай, Килис, Малатия және Элазиг провинцияларында қаза тапқандардың жалпы саны 43 556 адамды құрады. Апат аймағынан 448 018 азамат эвакуацияланды.

Еске салайық, Түркия мен Сирия шекарасында 6 ақпанда жойқын жер сілкінісі болды.

Cookie Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше