Мемлекет басшысы Отан қорғаушылар күні қарсаңында мемлекеттік наградаларды, жоғары әскери және арнаулы атақтар мен сыныптық шендерді тапсыру рәсіміне қатысты.
Мемлекет басшысы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты шараға қатысушыларды Отан қорғаушылар күнімен және Жеңіс күнімен құттықтады. Ол бұл мерекелер кешегі сынақтарда Отанын қорғаған аға буын мен тәуелсіз ел жауынгерлерінің буыны арасындағы сабақтастықты білдіретінін атап өтті.
"Қазақ – даңқты тарихын ат тұяғымен жазған халық. Біз ұлан-ғайыр жерін жауға бастырмаған батыр елдің ұрпағымыз. Алапат соғыста жеңіске жеткен қаһарман ерлердің ізбасарымыз. Қазір еліміздің күштік құрылымдары Қазақстанның қауіпсіздігін қас қақпай күзетіп тұр. Отанымыздың іргесі берік болуын қамтамасыз ету – әр азаматтың перзенттік парызы. Сондай-ақ өмір жолын әскери қызметке арнаған мамандардың кәсіби міндеті. Қазақстан – бейбіт мемлекет. Біз барлық елдермен достық қатынас орнаттық. Мемлекеттер арасындағы кез келген мәселені бейбіт жолмен шешу керек деп санаймыз. Дегенмен қамсыз отыруға болмайды. Барлық жағдайға сақадай сай болуымыз айрықша маңызды. Еліміздің қорғаныс және қауіпсіздік саласын күшейту – басты міндеттің бірі," – деді Мемлекет басшысы.
Елбасы атап өткендей, қорғаныс қабілетін арттыру, ұлттық қауіпсіздік жүйесін нығайту, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету – еліміздің мызғымас басымдықтары.
"Мемлекет күштік құрылымдарға көрсетілетін қолдауды дәйекті түрде кеңейтіп келеді. Инфрақұрылым, материалдық-техникалық тұрғыда жабдықтау мәселелері кезең-кезеңмен жақсарып, еңбекақы мен әлеуметтік жеңілдіктер артып келеді. Әскери қызметшілер, арнаулы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, күштік құрылымдардың ардагерлері әрдайым мемлекеттің көмегі мен қамқорлығына сенуіне болады. Отан қорғау – әрбір азамат үшін биік мәртебе. Сондай-ақ бұл – туған елдің, болашақ ұрпақтың алдындағы үлкен жауапкершілік. Сіздер еліміздегі бейбіт өмірді, тыныштық пен тұрақтылықты сақтауға зор үлес қосып жүрсіздер. Өз ісінің нағыз шебері атанып, мінсіз қызмет атқарып келесіздер. Ортамызда антына адал болып, ел қауіпсіздігі үшін басын қатерге тіккен бейбіт күннің батырлары бар. Олардың ерлігі, шын мәнінде, барша халыққа, әсіресе, жастарға үлгі-өнеге," – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған кейін Елбасы мемлекетіміздің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған барша жерлестерге алғысын білдірді.
Мемлекет басшысы офицерлерге әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер беріп, ерліктері мен мінсіз қызметі үшін бірқатар азаматтарға мемлекеттік наградалар табыс етті.
"Құрметті офицерлер мен сарбаздар! Марапаттарыңыз бен атақ-шендеріңіз құтты болсын! Антқа адал болып, мемлекетіміз үшін, халқымыз үшін қызмет етейік. Бұл – парыз әрі зор мәртебе," – деді Президент сөзінің соңында.