Сыншылар менің жұмысымды мақтаса, мен алаңдаймын. Жұмысым оларға ұнаса, өзім шын жақсы көретін жалпы аудиторияны қуанта алмайтын сияқтымын.
Неге барлығына менің өнер туралы не ойлайтыным маңызды?
Біз әртістер емеспіз, бірақ сіздің көңіл-күйіңізді көтергісі келетін кино продюсерлеріміз.
Фотосуреттерді көшіріп, модельдің бет-әлпетіне тән белгілерді әсірелейтіні болмаса, кез келген суретші - портретші. Бірақ сақ болыңыз, маған Микки Маустың құлағын салып қоймаңыз!
Менің сүйікті суретшім жоқ, сурет жайлы ештеңе білмеймін. Иә, мен көрмелерге барамын және адамды немесе пейзажды сала алатындарға қызғанышпен қараймын. Бірақ мен үшін сурет салу объектінің тура визуализациясы ғана емес, ол одан да үлкен мағынаға ие.
Кескіндеме жұмыстары жүріп жатқанда барлығымыз бақыттымыз – қарындашпен эскиз жасайтын иллюстраторлар, сызбаларды салғандар, оларды бояп, суретке түсіретіндер. Жұмыс жүріп жатқанда бәрі жақсы. Бірақ жұмыс аяқталғаннан кейін көңілсіздік пайда болады. Жұмысымыздың нәтижесін көргеннен кейін әрқайсымыз одан да жақсырақ жасауға болар еді деп ойлаймыз. Бұл біздің саланың үлкен проблемасы. Біз ешқашан қанағаттанбаймыз.
Менің ең үлкен жетістігім – осы керемет компанияны құра алғаным. Менің денсаулығым жақсы және бизнесте жүргеніме 40 жыл өтсе де оның бір бөлігі бола алатынымды сезінемін. Жұртшылық менің осы жылдар бойы жасаған барлық істерімді бағалайды және қуанышпен қабылдайды. Бұл мен үшін үлкен мәртебе.
Мен тек ақша табудан жалықтым. Мен жаңа нәрселерді жасауды, құруды, процестерді бастауды ұнатамын. Мен үшін ақша осы мақсаттарға жету құралы ретінде ғана маңызды.
Армандарыңызды жүзеге асырудың құпиясы төрт сөзден тұрады: қызығушылық, батылдық, сенімділік және тұрақтылық. Ал бұл қасиеттердің ішіндегі ең үлкені – сенімділік. Бір нәрсеге сенсеңіз, сөзсіз, соңына дейін сеніңіз.
Армандар орындалады, егер сізде оларды орындауға деген батылдық болса.
Мен банкирлерді Диснейлендтің табысты болатынына ешқашан сендіре алмас едім, себебі жәй ғана арман табысқа кепілдік бола алмайды.
Егер сіз бір нәрсені елестете алсаңыз, сіз оны жасай аласыз. Барлығы "тышқаннан" басталғанын әрқашан есте сақтаңыз.
Диснейлендте жұмыс істей бастағанда әйелім: «Саған ойын-сауық саябағы не үшін керек? Ол жерде өте лас» деген еді. Мен оған менің саябағымдағы жағдай мүлдем басқаша болатынын айттым.
Мүмкін емес нәрсені жасау өте қызық.
Осы бақытты жерге келгендердің барлығына "қош келдіңіздер!" деймін. Диснейленд - сіздің территорияңыз. Мұнда кәрілік өткеннің ең жақсы естеліктерін еске түсіреді, ал жастық шақ қиындықтар мен болашақ үміттерінің дәмін татады. Диснейленд Американы жасаған идеалдарға, армандарға және ауыр фактілерге негізделген, бүкіл әлем үшін қуаныш пен шабыттың көзі болады деген үмітпен ашылған.
Мен Диснейлендте серуендеген сайын ненің дұрыс емес екенін және оны қалай жақсартуға болатынын ойлаймын.
Барлығы Диснейлендті алтын кеніші деп ойлайды. Бірақ бізде де проблемалар бар және біз олармен жұмыс істеп, жеңе білуіміз керек. Тіпті саябақты таза ұстаудың өзі үлкен шығын.
Диснейленд - ешқашан аяқталмайтын жоба. Дүниеде "қиял" барда, ол әрқашан алға жылжи береді.
Микки Маус мен үшін тәуелсіздік символы. Ол менің басымда алғаш рет Манхэттен-Голливуд пойызында пайда болды, дәл сол уақытта Рой (Уолт Диснейдің үлкен ағасы Рой Оливер Дисней) екеуміздің жағдайымыз өте нашар еді, дәл апаттың алдында тұрғандай болып көрінетін.
Мен Микки Маусты өмірімде кездестірген кез келген әйелден артық жақсы көремін.
Микки Маустан біз қалаған жалғыз нәрсе - оның адамдарды күлдіре беруі болды. Біз оны ешбір өткір әлеуметтік символизммен жүктеген жоқпыз, оны ауызашар немесе қатал сатира еткен жоқпыз. Микки - адамдарды күлдіруге арналған кішкентай тұлға.
Кейіпкер тұлғаға айналмайынша адамдар оған сенбейді. Кейіпкер күлкілі және қызықты нәрселерді жасай алады, бірақ адамдар онымен "санаспайынша" ол жәй ғана қиял болып қала береді.
Мен Микки Маустың жалғасын түсіруге ешқашан қызыққан емеспін. Мен оған уақытты жоғалтқым келмейді. Бұл уақытты басқа және жаңа нәрсе жасау үшін пайдаланғым келеді.
Біз қиялға берілсек те, шындықты ұмытпауымыз керек.
Әрбір күлкінің артында бір жас болуы керек.
Күлкі – мәңгілік, қиялдың жасы жоқ, ал арман – шексіз.
Мен негізінен балаларға арналған фильмдер түсірмеймін. Жасыңыз алтыда болсын, алпыста болсын менің фильмдерім ішіңіздегі жасырынған балаға арналады. Оны кінәсіздік деп атаңыз. Тіпті ең нашар адамдарда да пәктік бар, тіпті ол терең жерде жерленген болса да.
Біздің әлемнің проблемасы - тым көп адамдардың өсіп кетуі.
Мен өз балаларыма ешқашан нәзік гүлдердей қараған емеспін және оны ешкім жасамауы керек. Өмірде жарыққа да, қараңғыға да орын бар. Балаларға дүниеде көлеңке жоқтай өмір сүргізу – намыссыздық, екіжүзділік. Сіз балаларыңызды алдап, оларға жақсылық жасамайсыз. Оларға жақсылық әрқашан зұлымдықты жеңетінін үйрету маңызды және біз өз картиналарымызда осыны жасауға тырысамыз.
Еркіндіктің дәмін бір рет сезінген адам ешқашан құлдыққа көнбейді. Сондықтан бүгінде кез келген жерде көріп жүрген сұмдық уақытша. Ертеңгі күн жақсы болады және Америка бостандық пен жақсы өмір идеалдарына адал болғанша солай болады.
Мен толеранттылық, демократия және бостандық туының астында балаларымды тәрбиелеп, өмір сүру құқығы үшін Құдайға және Америкаға алғыс айтамын.
Көңіл көтеру, спорт және демалыс бұл халық үшін, өнімді еңбек сияқты өмірлік маңызды нәрсе, сондықтан олардың республикалық бюджетте айтарлықтай үлесі болуы керек.
Күлкі - Американың ең маңызды экспорты.
Мен өз ойымды білдіремін деп уайымдаудан гөрі адамдардың көңілін көтеруді, оларға рахат сыйлауды, күлдіруді жөн көремін.
Мен әрқашан өмірдің жақсы жақтарын көруге тырысамын, бірақ мен өмірдің күрделі екенін түсіндей реалистпін.
Бақыт - бұл ақыл-ойдың күйі. Сіз бақытты немесе бақытсыз болуыңыз мүмкін - бәрі сіздің көзқарасыңызға байланысты. Менің ойымша, бақыт - бұл қанағат, бірақ байлық емес. Біз бәріміз әр түрліміз және кейбіріміз күнделікті жұмысты орындау арқылы бақытты бола алмаймыз. Менің бір ағам бар еді, ол пошташы болып жұмыс істейтін. Мен оған қатты қызғанатынмын. Оның өмірі өте қызық. Тіркемесі бар көлігімен учаскелерді аралап, пайда туралы еш алаңдамай жиі балық аулауға баратын. Мен оны әрқашан «ақылды Дисней» деп айтатынмын.
Мен жақсырақ сурет сала алмайтыныма өкінемін.
Топтамадағы дәйексөздер Уолт Диснейдің ашық сұхбаттарынан алынды.